Азаттық радиосының Венгр қызметі жабылды

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (RFE/RL) Венгр қызметі – Szabad Európa 21 қарашаға қараған түні жұмысын тоқтатты. Бұл туралы медиакорпорацияның өзі хабарлады.
RFE/RL мәліметінше, АҚШ ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) Венгр қызметі жабылатынын 5 қарашада Конгреске ескерткен. Хабар таратуды тоқтату жөніндегі шешім жұма күні күшіне енді.
Қызмет жабылғанымен, журналистер еңбегі жойылмайды – онлайнда қала береді.
Азаттықтың Венгриядағы қызметі 1950 жылы ашылған. Шығыс Еуропа демократияға беттеген тұста, қызмет 1993 жылы жабылған. Бірақ елдегі сөз бостандығына алаңдаған АҚШ Конгресі оны 2020 жылы қайтадан ашқан.
Reuters мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың USAGM-дегі әкімшісі Кари Лейк «салықшылар ақшасынан қаржы алатын бағдарлама Венгрияда «тұрақсыздық туғызу» үшін жұмсалмауы тиіс» деген. Жыл басынан бері RFE/RL Трамп әкімшілігінің қысымына ұшырап келеді.
Сыншылар Венрияны 15 жылдан бері басқарып отырған Виктор Орбан елде баспасөзге қысымды күшейтті деп санайды. Szabad Európa жаңалықтар сайтын жүргізіп, видеорепортаж бен подкаст дайындаған. Венгр қызметі жергілікті үкіметтің сот жүйесіне қысымын сынаған.
Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы венгр тілінде хабар таратқан қызметтін жабылуын 2026 жылғы сайлау қарсаңында «сөз еркіндігіне жасалған соққы» деп атады.