Кімдікі тиімді: АҚШ пен Еуропа Украинаға қатысты екі түрлі ұсыныс дайындады

АҚШ пен Украина Ресеймен арадағы соғысты доғару жөніндегі келіссөздерді 24 қараша, дүйсенбі күні де жалғастырады. Бұл уақытта Еуропа одағы атысты доғарудың өз ұсынысын дайындады.
Жексенбі күні Құрама Штаттар мен Украина президент Дональд Трамп әкімшілігі ұсынған жобаны талқылады. Reuters мәліметінше, тараптар ұсынысты өзгертуге келісті.
АҚШ ұсынысы: «Ресейдің арманы жазылған тізім»
Ақ үйдің мәлімдеуінше, украин делегациясы ұсыныс олардың «ұлттық мүддесіне сай» келетінін айтқан. Бұған қоса, Украина президенті Владимир Зеленский келісөздер барысына көңілі толатынын мәлімдеп үлгерді.
«Америкалықтармен диалог жүріп жатқанының өзі маңызды. Президент Трамп командасы біздің уәжімізге құлақ асатын сыңайлы», – деді украин президенті.
Ол дүйсенбідегі келіссөздерде Украина мүддесін жақтай беретінін айтты.
Осының алдында ғана Трамп Украинаны АҚШ-тың соғысты аяқтауға тырысып жатқанына ризашылық білдірмейді деп сынаған. Артынша украин тарапы Трамп пен АҚШ-қа алғыс айтқан.
Құрама Штаттар Украина мен Ресей арасындағы жанжалды аяқтау туралы алдын ала ұсынысты өткен аптада көрсеткен. 28 тараудан тұратын құжат Украинаға Ресей басып алған жерлерден бас тартуды, НАТО-ға кірмеуді ұсынады. Әлбетте, украиналықтар мұндай жоспарды капитулациямен тең деп бағалады. Трамп жоспарын америкалық демократтар да да сынап, оны Ресейдің армандары жазылған тізім деп атады.
Еуропа ұсынысы: әскер санын шектеу
Әубаста Киев мүддесін қолдап жүрген Еуропа одағы (ЕО) Трамп жоспарын дайындауға қатыспағанын мәлімдеп, өз ұсынысын дайындап үлгерді. Құжаттар баспасөзде жарияланды. The Telegraph газеті басқан бейбіт жоспар 24 тараудан, Reuters агенттігі жариялаған ұсыныс 27 тараудан тұрады. Екіншісін Ұлыбритания, Франция және Германия Вашингтон жоспарын ескере отырып әзірлеген.
Мұнда тараулардың көбісі өзгеріссіз қалды, бірақ Украина қару күштеріндегі сарбаз санын 800 мыңға дейін қысқарту жөнінде қосымша ұсыныс енгізілген.
«Жер. Украина басып алынған жерлерді күш қолдану арқылы қайтармауды міндетіне алады. Аумақ алмасу жөніндегі келіссөздер екі жақтың түйіскен сызығынан басталады», – деп жазылған тараулардың бірінде.
Бұған қоса, Украинаның НАТО-ға мүше болу мәселесі әскери блокқа кіретін елдер арасындағы консенсусқа тәуелді. Құжатта альянс елдері арасында ортақ шешім жоқ екені айтылған.
Сонымен бірге НАТО жойғыш ұшақтары Польша аумағына орналасады, ал Ресейді «Үлкен сегіздік» құрамына қайта қабылдайды.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс шамамен төрт бұрын басталған. 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей күштері Украина аумағына басып кірген.