ЛГБТ насихаты: түрлі-түсті ойыншыққа да тыйым салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
ЛГБТ ойыншық
фото: shutterstock

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды түсіндірді. Оның айтуынша, заң ережелері түрлі-түсті ойыншыққа да шектеу қояды. Әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында депутат елдегі ЛГБТ белсенділерімен сөзге келіп қалды.

Ойыншықтар, мультфильмдер, кинолар

Парламенттің төменгі палатасының депутаты Еділ Жаңбыршин 24 қарашада Instagram әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, көпшіліктің сауалдарына жауап берді. Сұрақтардың дені ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң төңірегінде болды.

«Сол туралы насихат жүргізіп, әртүрлі семинар-дәрістер, акциялар мен митингілер, пикеттер өткізіп, немесе әлеуметтік желілер мен БАҚ-қа шығып алып, соған үндесеңіз, мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынады», – деп түсіндірді заң шығарушы орган өкілі.

Жаңбыршин жанама жарнамалар туралы да айтып өтті. Олардың ішінде кемпірқосақ түстес ойыншықтар да бар.

«Мысалы, арнайы ойыншықтар дайындалады, кинолар, мультфильмдер, деректі фильмдер түсіріледі. Сол жерде өздерінің іс әрекетін жарнамалайтын топтар да бар. Оны көріп жүрміз. Соған да тыйым салынады», – дейді Жаңбыршин.

Депутат Жаңбыршин тікелей эфирде Жанар Секербаева секілді ЛГБТ белсенділерімен айтысты.

ЛГБТ насихатына қандай жаза қарастырылған

Депутаттың айтуынша, заң бұзғандарға әуелі ескерту, одан соң 10 күнге қамау туралы әкімшілік жаза қолданылады.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын 12 қарашада мақұлдады. Енді заң жобасын Сенат қарайды. Заң парламенттен өткеннен кейін ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қоюға жолданады.

Бұған дейін дәл осыған ұқсас заңды Ресей, Грузия және Венгрия қабылдаған.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ өкілдері депутаттарға ақпараттық шабуыл жасады деп мәлімдеген. Ал оның алдында тағы бір депутат Ринат Зайыт ЛГБТ өкілдерін «жексұрын» деп атаған.

Сондай-ақ оқыңыз