«Шай в большом городе»: Мөлдірдің дебютін көпшілік қалай қабылдады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: «Шәй в большом городе» фильмінің постынан скриншот

Қарашада отандық кино нарығы тұсаукесерге толы болды. Отандық туындылар ішінен цензураға ұшыраған «Ауру», Мөлдір Мұқанованың «Шай в большом городе» және спектакльден фильмге айналған «37» фильмін атап өту керек. Бұған дейін Kursiv Media бірінші және үшінші туындылар жайлы жазған еді. Енді Мұқанованың продюссер ретіндегі дебютіне көз жүгіртейік.

Мөлдірдің фильм алдында жүргізген ең үлкен маркетингтік қадамы – сұхбаты болды. Бұған дейін инстаграм парақшасында отбасылық зорлық, опасыздық тақырыбында түрлі контент жариялап, оқырмандарын екі ойлы қылып қойған еді. Ұзақ уақыт «Тұрсынбекпен ажырастың ба, Тұрсынбекке не болды» деген сұрақтарды жауапсыз қалдырып келді. Бірақ қарашаның басында журналист Жанар Байсемізге үш сағаттық сұхбат берді. 3,5 млн қаралым жинаған интервью барлық дерлік БАҚ-тың бетіне шықты, әлеуметтік желіде талқыланды. Тіпті тілшілер депутаттардың да ойын сұрады.

Фильмнің промосы да сол сұхбаттан басталды. Мұқанованың он төрт жыл бойы күйеуінің екінші отбасына шыдап келгені қоғамдағы жараның аузын тырнағандай болды. Екінші әйел алу, екі отбасын қатар ұстап жүру деген тақырып қоғамда өте ушығып тұрғанын ескерсек, Мөлдір ерінен опасыздық көрген барша әйелдердің символына айналды. Отбасылық мәселелер тақырыбын талдап жүрген белсенділер, блогерлер Мөлдір Мұқанованың киносына қолдау көрсетуге шақырды.

Мөлдір Мұқанова фильм
Фото: тредстегі жазбадан

Солардың бірі – миллион аудиториясы бар психологи, блогер Құралай ханым. Бірақ оның бұл жазбасы біраз хейтке ұшырады да. Оқырмандары «отаным» сөзін қорлағанына, көпшілікке «зарлама» деп айтқанын сынға алды.

«Отан сөзін бұлай қорлайтындай сіз кімсіз? 3 мың теңгені халықтың қалтасына сіз салып беріп отырсыз ба? Кімді қолдайтынын әр адам өзі шешеді. Халыққа «зарлама» деп қиқулап сөйлеуге құқыңыз жоқ. Әркім киноны да, басқа дүниені де өз пайдасы үшін жасайды. Міндет қылмасын», – деді оқырмандырының бірі.

Бірақ өзгелер Мөлдірдің фильмін қолдауға шақырды.

фото: тредстегі жазбадан
Мөлдір Мұқанованың фильмі
фото: тредстегі жазбадан

Бұл топтағы аудитория фильмге сын айтпады, кейбір кәсіби кемшіліктерге көз жұма қарады. Олар «әйел әйелді қолдауы керек», «күйеуі тастап кетсе де біз Мөлдірді қолдайық» деген месседж таратты. Үш сағаттық сұхбат берген Мөлдір дәл осы аудиторияны көздеген тәрізді және ол міндеті орындалды да.

Бірақ фильмді күйеуі опасыздық жасаған әйелдің еңбегі емес нарықтағы кезекті өнім ретінде қараған аудиория да бар. Олар Мұқанованың дебюттік картинасындағы кемшіліктерін сынады, қолдау үшін ғана барудан бас тартты. Алғашқылардың бірі болып «рецензиясын» жариялаған – әнші Бақыт Тұрман. Әртіс фильмде кәсіби актерлер өте аз екенін, сюжеттік желі нашар болғанын, комедия деуге тұрмайтынын, тіпті актрисалардың киімі сәннен қалғанын да сынады.

Дәл сол тәрізді картина кәсібиілік жағынан әлсіз екенін алға тартқандар бар.

фото: тредстегі жазбадан
фото; тредстегі жазбадан
фото: тредстегі жазба

Әзірге қай тараптың жеңгені белгісіз. Фильмнің прокаттан қанша қаржы жинағаны жарияланғаннан кейін ғана нақты болады.

Бұған дейін Kursiv Media прокатқа шыққан «№37» картинасына рецензия жазған еді. Ал «Ауру» фильмі жайлы көрермендер пікірін мына жерден оқи аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыз