«Мен гетеросексуалмын»: депутат Жаңбыршин ЛГБТ белсенділерімен айтысты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Еділ Жаңбыршин депутат Жанар Секербаева ЛГБТ насихат
коллаж: Kursiv.Media

Мәжілістің Instagram-дағы парағында тікелей эфирге шыққан депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ белсенділерімен сөзге келіп қалды. Жанар Секербаева бастаған топ парламент өкілін сынаған.

Төменгі палата депутаты Еділ Жаңбыршин 24 қарашада Instagram әлеуметтік желісінде көпшіліктің сауалдарына жауап берді. Тікелей эфир барысында Жанар Секербаева секілді елдегі ЛГБТ белсенділері талқылауға қосылып, қарсы пікір жазып жатты.

«Сіздер Қазақстанның негізгі заңын бұзып отырсыздар. ЛГБТ-ге тыйым салуға болмайды!» – деді Секербаева.

Еділ Жаңбыршин ЛГБТ белсенділері
Фото: instagram.com/mazhilis.kz парағынан алынған скриншот

Тікелей эфир барысындағы наразылықты байқап қалған Жаңбыршин белсенділер уәжіне жауап берді.

«Сендер манипуляциямен айналысып отырсыздар. ЛГБТ өкілі болуға тыйым жоқ. Жұбайыңызбен немесе зайыбыңызбен, өздеріңіз қалай атаушы едіңіздер, олармен үйде не істесеңіздер де, оған ешкімнің қатысы болмайды. Заң насихатқа тыйым салынады. Мен өзімнің гетеросексуал екенімді насихаттамаймын ғой», – дейді депутат.

Өзінің жыныстық қалауын көпшілікке жайып салған депутат үгіт-насихат жүргізу үшін акция, пикет өткізбейнін де қоса айтты.

«Семинар мен дәріс ұйымдастырып, сонда жастарды тартуға, мектептер мен балабақшаға баруға болмайды. Өздеріңнің белгілеріңді, ойыншықтарыңды, мультфильмдеріңді насихаттауға тыйым салынады», – деп жауап берді Жаңбыршин.

Тікелей эфир барысында депутат жанама жарнама туралы айтып, соның ішіне кемпірқосақ түстес ойыншықтарды да жатқызған. Депутаттың айтуынша, заң бұзғандарға әуелі ескерту, одан соң 10 күнге қамау туралы әкімшілік жаза қолданылады.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын 12 қарашада мақұлдады. Енді заң жобасын Сенат қарайды. Заң парламенттен өткеннен кейін ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қоюға жолданады.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ өкілдері депутаттарға ақпараттық шабуыл жасады деп мәлімдеген. Ал оның алдында тағы бір депутат Ринат Зайыт ЛГБТ өкілдерін «жексұрын» деп атаған

Сондай-ақ оқыңыз