Түркістан джинс матасын шығарады

Түркістан облысында халықаралық мақта-мата орталығы құрылады. Мұнда джинс, ілмек және басқа да мата өндірісі жолға қойылады. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдің мәліметінше, Түркістан халықаралық инвестициялық форумында жалпы құны 432,2 млрд теңгенің жеті меморандумына қол қойылды. Оның арасында құны 75,3 млрд теңгелік Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жөнінде жоба бар.
Бұдан бөлек, өңір джинс матасын өндіруге ден қойып отыр.
«Джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жобасы, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру бағытындағы жобалар мақұлданды», – деп таратты жергілікті әкімдік.
Облыс 2025-2028 жылдар аралығында 111 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Жоспар іске асса, өңірде шамамен 24 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
«Облысқа 2025 жылға 475 млн доллар тікелей шетел инвестициясын тарту жүктелген. Екінші тоқсан нәтижесінде 543,5 млн доллар тартылды. Жылдық жоспар артығымен орындалды».
Биыл Түркістанда 58 жоба қолға алынған.