Павлодарда үлкен аквапарк қашан ашылатыны мәлім болды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бірнеше жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аквапарк құрылысы аяқталуға жақын
Өңір басшысы әуелі облыс орталығында салынып жатқан аквапарк құрылысымен танысты. Ол 1,7 гектар жерді алып жатыр. Жоба құны – 10 млрд теңге. Құрылысты «HAGI-Павлодар» жүргізеді.
Мұнда бір сағатта 400 адам демалады. Құрылыстың 75%-ы аяқталды. Қазір нысанда су аттракциондарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аквапарк құрылысы 2026 жылдың бірінші жартысында аяқталады деп жоспарланған.

40 тонна балық шығарады
Содан кейін Байханов балық өсіретін фермаға барды. 2023 жылдан бері мұнда бекіре және қызылбалық өсіріледі.
Жобаға 300 млн теңге инвестиция салынған. Фермада 40 тонна балық шығарылады. Екінші желі іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемі 30–35 % ұлғаяды.
«Мұндай жобалар ауылдық жерлерде жоғары технологиялы өндірістерді тартуға болатынын көрсетеді», – деді Байханов.
Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдарға жаңа технологияларға инвестиция салатын, жұмыс орындарын ашатын және сапалы отандық өнім шығаратын кәсіпкерлермен жұмыс істеуді тапсырды.