Тоқаев зияткерлік меншікті қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды
Жарияланды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Хабарламаға сәйкес, жаңа заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған және авторлық құқыққа да, тауар белгілерінің саласына да әсер ететін бірқатар жаңалықтарды қамтиды.
Құжатта келесі шаралар қарастырылған:
- көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған шығармаларды авторлардың рұқсатынсыз және оларға сыйақы төлемей-ақ көпшілік алдында орындауына, таратуына, жалпыға жеткізуіне мүмкіндік беру;
- тауар белгілерін тездетіп тіркеуді енгізу. Қазір тіркеу 7 ай ішінде жүргізіледі. Заң ақылы түрде тіркеу тетігін енгізуде, соның нәтижесінде уақыт 4 айға дейін қысқарады. Бұл тауар белгілерінің иелеріне өз тауарларын нарыққа тезірек шығаруына жағдай жасайды;
- тауар белгісін тіркеуге қатысты шағымдану мерзімін ұлғайту. Қазіргі уақытта шағымдану мерзімі – 1 ай. Заң бұл мерзімді 2 айға ұлғайтпақ.
- авторлар мен құқық иелерінің шағымы бойынша авторлық және сабақтас құқық объектілерін қолдануды әділет органдарының жоспардан тыс тексеруі арқылы мемлекеттік бақылау енгізу көзделген;
- ұжымдық құқықтық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформа енгізілмек.
Ақордада заңның ресми мәтіні баспасөзде жарияланатынын айтты.