Теміржол және әуе билетінің бағасы өсе ме – вице-министр жауап берді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
фото: kursiv.media архивінен

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мереке күндері әуе және теміржол билеттерінің бағасы күрт өсіп кетпейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ келесі жылы тасымал құны қымбаттамайды деп сендірді.

Ол негізгі бағыттар бойынша рейстер саны ұлғаятынын мәлімдеді. Бұл өзгеріс әуе рейстеріне ғана емес, теміржол тасымалдарына да қатысты болады.

«Әуе рейстерінің саны артады. Негізгі бағыттар бойынша қосымша рейстер белгіленеді, оларда жолаушылар орындарының саны көбейтіліп, жаңа рейстер ашылады. Бұл Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларына қатысты. Сонымен қатар теміржол бағыттары бойынша да қосымша пойыздар жүретін болады. Қолданыстағы бағыттарға жолаушылар орындарын арттыру үшін тіркемелі вагондар қосылады», –деді Қалиақпаров.

Сондай-ақ билет бағасының қымбаттату мәселесіне қатысты сұраққа да жауап бере кетті.

«Билет бағасының жалпы қымбаттауы күтілмейді. Адамдардың 50%-дан астамы өз маршруттарын алдын ала жоспарлап, билеттерді ертерек сатып алады. Бұл әсіресе, алдағы мерекелерге қатысты. Келесі жылға билет бағасын қымбаттату жоспары жоқ», – деді вице-министр.

Айта кетейік, FlyArystan 17 қарашадан бастап Ақтау – Дубай – Ақтау бағытында ұшатын әуе билеттерін 100 долларға дейін арзандатқан.

Сондай-ақ оқыңыз