Тайлық әйел табыттан тірі шықты

Кремацияға әкелінген тайлық әйел табыттың ішінде тірі табылды. Оның қимылдағаны ғибадатхана қызметкерлерін қатты шошытқан.
Оқиға Бангкок маңындағы Нонтхабури провинциясында орналасқан Ват Рат Пракхонг Тхам будда ғибадатханасында болды. Қызметкерлердің бірі әйел ақ табытта, пикаптың жүксалғышында жатып, қолы мен басын қимылдатқаны түсірілген видеоны жариялады.
CNN ақпаратына қарағанда, көрініс қызметкерлерді абдыратқан.
Ғибадатхананың жалпы және қаржылық мәселелер жөніндегі басқарушысы Пайрат Судтхуп дүйсенбі күні 65 жастағы әйелді ағасы Пхитсанулок провинциясынан кремацияға әкелгенін айтты.
Ол табыт ішінен әлсіз тарсылдаған дыбыс естіген.
«Мен таңғалып қалдым. Содан кейін оларға табытты ашуды сұрадым. Бәрі селк ете қалды», – деді Пайрат Судтхуп.
«Мен оның көзін сәл ашып, табытты қаққанын көрдім. Ол біраз уақыттан бері тарсылдатып жатқан болуы керек», – деді қызметкер.
Пайраттың айтуынша, әйелдің ағасы ол екі жылдай төсек тартып жатқанын, кейін жағдайы нашарлап, екі күн бұрын тыныс алуды тоқтатқандай болып, реакция бермей қалғанын айтқан. Осыдан кейін ағасы оны табытқа салған. Бұрын әйел өзі органдарын донорлыққа бергісі келетінін айтқандықтан, Бангкоктағы ауруханаға 500 шақырым жол жүрген.
Аурухана оның ұсынысын қабылдамаған. Себебі ресми өлім туралы куәлік болмаған.
Мұның алдында италиялық жасөспірім – 15 жасар бала мыңжылдықтағы алғашқы әулие атанған еді.