«Әйел көну керек»: президентке жіберілетін құжатқа агрессорлардың пікірі де қосылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Құжатқа қамауда отырған бес ер адамның пікірі қосылған/фото: shutterstock

Елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайға талдау жүргізіліп, ұлттық баяндама әзірленді. Оған әйелін ұрғаны үшін қамауда отырған бес ер адамның пікірі қосылған. Бұл туралы әлеуметтанушы Алина Мағамбетова айтты.

«Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, қамауда отырған агрессорлармен тереңдетілген сұхбат жүргіздік. Бірі 30 жаста, енді бірі елуде. Олар зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай деп санап, өзін кінәлі сезінбейді. Ойы патриархалды қоғамда қалыптасқаны көрінеді. Олар «әйел көну керек», «мен басшымын», «әйел соны жасауы керек» деп айтады», – дейді Алина Мағамбетова.

Ұлттық баяндамаға сәйкес, 2024 жылы елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 3 382 қылмыстық іс тіркелген. Ал 2023 жылы 923 іс болған. Биыл жарты жылда 1 630 құқық бұзушылық тіркелген.

Зерттеу 25-45 жас аралығындағы әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін екенін көрсеткен. Олар күйеуіне материалдық тұрғыдан тәуелді және кәмелетке толмаған балалары бар.

Мамандар әйелін ұратын ер адамның қандай болатынын да сипаттаған.

«Агрессорды тұрақты жұмысы жоқ, ішімдікке немесе әсері бар басқа заттарға әуес, күйзеліске төзе алмайтын, өктем мінез көрсетуге бейім, бала кезде агрессия көрген адам деп сипаттап отырмыз. Кей отбасыда күйеуі ғана емес, жақын туыстары да жәбірленушінің жағдайын ушықтырады, оның көмек сұрамауына кедергі келтіреді», – делінген зерттеуде.

Ұлттық баяндама мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысымен әзірленген. Құжат жақын арада президентке жолданады.  

Сондай-ақ оқыңыз