Ант беру рәсімінен кейін, әскери қызметші көзінен айырылды

24 жастағы келісімшарт бойынша қызмет ететін Жақсылық Молдақұл Жамбыл облысында ант беру кезінде көзінен айырылды.
31 арнаның хабарлауынша, тау-егерлік полкта өткен салтанатты қабылдау барысында әскери қызметкерлер үшін «шоу» ұйымдастырылған. Жекпе-жек, оттан секіру, сарбаздардың басына бөтелке сындыру сияқты трюктер көрсетілген. Жақсылық осы қойылымға қатысушылардың қатарында болған.
Соққыдан кейін ол кеңістікті бағдарлай алмай қалыпты. Көзі өте қатты зақымдалып, дәрігерлер оны тігуге мәжбүр болған. Жақсылықтың туыстары бұл жағдайды жасырып қалуға тырысып жатыр деп отыр.
Жамбыл облыстық офтальмология орталығы бас дәрігерінің орынбасары Жансая Сыдықова медицина қызметкерлері көзді сақтап қалуға тырысқанын, ішкі қабықтарын қайта жинап тігуге әрекет еткенін айтты. Қазір дәрігерлер екінші көзге асқыну болдырмауға күш салуда. Әскери бөлім басшылығы мүгедектік туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
«Медициналық сараптама әлі жүргізілген жоқ. Емдеу жалғасып жатыр. Біз әскери қызметкерге барлық қажетті көмекті көрсетеміз», – деді 91/678 бөлімінің командирі Бауыржан Есалы.
Жарақат алған жігіттің туысқаны Таңшолпан Айнабектің айтуынша, ол қандай да бір трюкке ерікті түрде қатысатыны туралы ешқандай құжатқа қол қоймаған. Жақсылықтың анасы Гүлзира Байқонысова Қорғаныс министрлігінен көмек сұрайды. Айтуынша, ұлы төрт жыл келісімшартпен қызмет еткен.
«Мен – жалғызбасты анамын. Балам – менің асыраушым. Ол үйленбеген, бойдақ. Енді оны қандай болашақ күтіп тұр? Қандай жұмыс істей алатынын білмеймін», – дейді ол.
Айта кететін жайт, Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов әскердегі әлімжеттікке қарсы күрес жүргізіп жатқанын айтқан еді.