Тоқаев World Boxing президенті Геннадий Головкинді қабылдады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Геннадий Головкин еңбегін жоғары бағалағаны, сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты / фото: Ақорда
Геннадий Головкин еңбегін жоғары бағалағаны, сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты / фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады.

Ақорданың ақпаратынша, президент бұл шешімді даңқты спортшының әлемдік боксты дамытуға қосқан үлесінің, кәсібилігі мен мінсіз абырой-беделінің мойындалғаны деп бағалады.

«Сіз әлемдік спорттың дамуына зор үлес қостыңыз. Қазақ бокс мектебінің бай дәстүрін лайықты деңгейде танытып, дүние жүзінің елімізді бокс державасы ретінде мойындауына ықпал еттіңіз. Өмір жолыңыз көптеген жарқын жеңіске толы. Оған күш-қуат, рух, табандылық, ішкі тәртіп секілді қасиеттеріңіз арқылы жеттіңіз. Бұл елімізде ғана емес, шет мемлекеттердегі миллиондаған жастың жігерін жаниды. Есіміңіз әлемдік бокс тарихына алтын әріппен жазылғанына еш күмән жоқ», – деді президент.

Тоқаев танымал спортшының Ұлттық олимпиада комитетіндегі қызметіне жоғары баға берді.

«Сіздің басқару саласындағы жетістіктеріңізді айрықша атап өткім келеді. Спорттағы еңбегіңізді ескере отырып, Сізді Ұлттық олимпиада комитеті президенттігіне үміткер ретінде ұсындым. Ұлттық спорт федерацияларының барлығымен байланыс орнатып, аз уақытта көп іс тындырғаныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Халықаралық Олимпиада комитетімен ынтымақтастықты жолға қойдыңыз», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинге World Boxing халықаралық федерациясының президенті ретінде көптеген мәселенің шешімін табуы қажет екенін айтты.

Тоқаев отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетінде қала бермек.

Сондай-ақ оқыңыз