Мектептерге жасанды интеллект енгізіледі: жұмыс тобы құрылды

Оқу-ағарту министрлігінің жанынан білім беру саласына жасанды интеллекті енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, мемлекет басшысының орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллект элементтерін енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауқымды технологиялық трансформациялау басталған.
Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізген Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова эксперттік қауымдастықпен отандық IT мамандардың ЕdTex саласындағы инновациялық шешімдері мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң технологиялық дамудың жаңа кезеңін айқындайды. Жаһандық бәсекеге қабілетті, озық ойлы, білімді, жаңашыл, адал азамат тәрбиелеу үшін AI технологияларын білім беру процесіне сауатты әрі сапалы енгізу – министрліктің күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Жасанды интеллект мұғалімнің артық жүктемесін азайту және оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін көмекші құрал ретінде қолданылуы керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Жиында жасанды интеллекті оқу үдерісіне кезең-кезеңмен енгізу үшін этикалық стандарттарды бекіту, нормативтік базаны жетілдіру, инновациялық шешімдер арқылы білім сапасын арттыру, сонымен қатар AI жүйелеріне қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу мәселелері талқыланған.
Айта кетейік, бұған дейін енді мектептегі буллингті ЖИ камера арқылы анықтап, бірден құзырлы органға хабарлап отыратыны хабарланған.