Банк қандай пәтерлерге ипотека бермейді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media

Ипотека арқылы баспана алғанда, банк кей жағдайда несие беруден бас тартуы мүмкін. Бұған бірнеше себеп бар: үйдің тым ескі болуы, қабырғасының жарамсыз материалдан салынуы немесе қайта жоспарлаудың заңдастырылмауы. Krisha.kz мамандары банктердің тұрғын үйге қоятын негізгі талаптарын түсіндіріп берді.

Банк нені ескереді?

Салынған жылы мен қабырға материалы

Бірінші кезекте банк үйдің салынған жылына және қабырғасының материалына қарайды.

Көптеген банктер 60–65 жылдан асқан үйлерді қабылдамайды. Панельді үйлерге талап одан да қатаң – жасы 50 жылдан аспауға тиіс. Ал кейбір ипотекалық бағдарламаларда тек 2000 жылдан кейін салынған жылжымайтын мүлік қабылданады.

Қабырға материалы да маңызды рөл атқарады.

Ипотекаға өтетін үй қабырғаларының материалдары:

  • кірпіш,
  • панель,
  • монолит,
  • жылу блоктары,
  • бетон,
  • газобетон.

Қабылданбайды:

  • саман үйлер,
  • қаңқалы-қамысты,
  • ағаш үйлер,
  • барак типтегі,
  • 1–2 қабатты жеке үйлер.

Пәтер ме, үй ме?

Қазір көптеген банк пәтер алуға несие беруге бейім. Ал үйлерді қаржыландыру сирек кездеседі.

Банк жеке үйді қабылдау үшін жер телімінің нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық болуы қажет. Сонымен қатар жер көлемі кемінде 4 сотық болуы тиіс. Ал коттедж қалашықтарында кемінде 2 соттық болу шарт.

Қайта жоспарлау мен техникалық паспорт

Пәтердің қайта жоспарлануы және техникалық паспорты да маңызды мәселе .

Әсіресе, екінші нарықтағы пәтерлер жиі өзгеріске ұшырайды. Мысалы, бөлмелер біріктіріледі, асүй кеңейтіледі, кіребесір салынады. Алайда банк үшін мына талаптар маңызды:

  • кез келген өзгеріс заңдастырылған болуы керек;
  • олар техникалық паспортта көрсетілуі тиіс;
  • заңдастырылған жоспар өзгерісі болса да, банк оны сақтықпен қарайды.

Техникалық паспортқа келер болсақ, құжат өзекті болуы шарт. Онда балкон, лоджия, кіреберіс сияқты барлық элемент ескерілуі керек. Егер техпаспорт ескі болса, банк несие беруден бас тартуы мүмкін. Сондықтан сатушылар оны алдын ала жаңартып алғаны жөн.

Кеңес

  • Пәтердің сипаттамаларын банк талаптарымен салыстырып шығыңыз.
  • Техпаспорттың өзекті екеніне және қайта жоспарлау заңдастырылғанына көз жеткізіңіз.
  • Егер күмәніңіз болса, құжаттарды алдын ала несие менеджеріне көрсетіңіз, бұл уақытыңызды үнемдейді.

Қазіргі уақытта банктер қазақстандықтарға несие беруден жаппай бас тартуда. Мәселен, ипотекалық несиелер бойынша мақұлдау пайызы тоқсан ішінде 6 пайыздық тармаққа яғни 23%–ға дейін, ал кепілге салынған тұтынушылық қарыздар бойынша 23 тармаққа яғни 22%-ға дейін төмендеді.

Сондай-ақ оқыңыз