Қандай кәсіпкерлер арнаулы салық режимімен жұмыс істей алады – тізімі
Жарияланды

Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа арнайы салық режимін қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізімін бекітті.
Жарияланған Үкімет қаулысында тізім көрсетілген. Қаулы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.
Рұқсат етілген тізімге 40 қызмет түрі кірді:
- мал шаруашылығын дамытуға жәрдемдесу қызметі;
- музыкалық аспаптар өндіру;
- сылақ жұмыстары;
- ағаш шеберлігі және балташылық жұмыстары;
- еден төсеу және қабырғаларды қаптау;
- сырлау және әйнек орнату жұмыстары;
- желілік маркетинг арқылы бөлшек сауда;
- такси қызметі;
- басқа да пошта және курьерлік қызмет (басқа пошта қызметін қоспағанда);
- дайын тағамды тапсырыспен жеткізу;
- тұрғын үйді жалға беру (субаренда) және өз меншігіндегі немесе жалға алынған тұрғын жылжымайтын мүлікті басқару;
- фото түсіру саласындағы қызмет;
- ауызша және жазбаша аударма қызметі;
- ветеринарлық қызмет;
- жеке тұтынуға арналған және тұрмыстық өзге де заттарды жалға беру және лизинг;
- тұрғын үйлерді жалпы тазалау;
- басқа топтауларға кірмейтін көмекші коммерциялық қызмет көрсету (тек интернет-платформалар арқылы көрсетілетін қызметтер бойынша);
- спорт және демалыс саласындағы білім беру;
- мәдениет саласындағы білім беру;
- басқа топтауларға кірмейтін білім беру қызметі;
- көркемдік және әдеби шығармашылық;
- компьютерлер мен перифериялық жабдықтарды жөндеу;
- байланыс жабдықтарын жөндеу;
- электронды тұрмыстық техниканы жөндеу;
- тұрмыстық аспаптар, үй және баққа арналған жабдықтарды жөндеу;
- аяқ киім жөндеу;
- табиғи және жасанды былғарыдан жасалған жол сөмкелері мен галантерея бұйымдарын жөндеу;
- жиһаз және интерьер заттарын жөндеу;
- қол сағаттары және басқа да сағат түрлерін жөндеу;
- зергерлік бұйымдарды жөндеу;
- тоқыма және трикотаж бұйымдарын жөндеу;
- тігін бұйымдарын, бас киімдерді және тоқыма галантерея бұйымдарын жөндеу;
- былғары, аң терісі бұйымдары мен бас киімдерді жөндеу;
- музыкалық аспаптарды жөндеу;
- кілемдер мен кілем бұйымдарын жөндеу;
- велосипедтер жөндеу;
- басқа топтауларға кірмейтін жеке тұтыну және тұрмыстық заттарды жөндеу;
- шаштараздар мен сұлулық салондары қызметі;
- үй шаруашылықтарының үй қызметкерлерін жалдауы;
- үй шаруашылықтарының жеке тұтыну үшін тауар өндіру қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды. 1111 кәсіп түрінің 795-і салық жеңілдігін пайдалана алмайтынын жазған едік.