Міржақып Дулатұлының мемориалы жөніндегі дау: әкімдік жауап берді

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Петровка ауылы маңында Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының құрметіне қойылған мемориалдық кешеннің бүлінуіне қатысты дау туды. Әлеуметтік желіде кешеннің сынған, қираған бөліктері бар суреттер таралып, қызу талқыланып жатыр. Kursiv.Media тілшісі бұл мәселеге байланысты СҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласып, әкімдік жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Әкімдік жауабы
Ресми жауапқа сәйкес, мемориал құрылысы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін конструктивтік бұзушылықтарға байланысты тоқтатылған.
«Жамбыл ауданында «Алаш» қозғалысына арналған ескерткіштің құрылысы бойынша хабарлаймыз: жұмыстар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін анықталған конструктивтік бұзушылықтарға байланысты тоқтатылды. Қазіргі уақытта аталған нысанда құрылыс жүргізіп жатқан кәсіпкер Н. Барлубаев жұмыс тоқтатылғаны туралы жеке хабарламалар жіберіп, конструктивтік ақауларды жою нұсқаларын қарастыруда», – делінген әкімдік берген ақпаратта.
Әкімдік мәселенің техникалық себептерге байланысты екенін алға тартады.
Еске сала кетейік, мемориалдық кешеннің бүлінген суреттерін әлеуметтік желідегі парақшасында әдебиет тарихшысы, сыншы, алаштанушы Заңғар Кәрімхан бөліскен еді.