Түріктер 8 млрд теңгеге Семейде қоқыс полигонын салып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Берік Уәли қоқыс полигоны Абай облысы Семей қаласы түріктер
фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы басталды. Семей іргесіндегі нысанды түрік компаниясы 8 млрд теңгеге салады. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.

Семейде көпір салған түріктер

26 қарашада облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының іргесінде бой көтеретін қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылыс алаңында болды. Мердігер нысанды таныстырды.

Құрылысты Maхimsan түрік компаниясы жүргізеді. Жоба құны – 8 млрд теңге. Полигон жылына 300 мың тонна қатты тұрмыс қалдығын қабылдайды. Сұрыптау цехы бір жылда 75 мың тонна өңдейді.

25 жыл бұрын дәл осы түрік компаниясы облыс орталығындағы көпір құрылысына қатысқан.

«Енді, міне, тағы бір үлкен жобаға кірісіп жатырмыз. Полигон құрылысын Семейден 16 км жерде екі ай бұрын бастадық», – деді Maхimsan компаниясының вице-президенті Мехмет Каплан.

Полигон 100 гектар аумаққа орналасады. Мұнда әкімшілік-тұрмыстық корпус, сұрыптау ғимараты және басқа да құрылыстар бой көтереді.

Нысанды толық аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Семей қоқыс полигоны түріктер
фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Maхimsan басқа да жобаларға қатысады

Құрылыс алаңын көрген Уәли мердігерге жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырды.

«Жобаның Семей қаласы үшін маңызы зор. Жаңа полигон іске қосылғаннан кейін облыс орталығындағы қалдықтарды басқару жүйесі жаңарып, экологиялық ахуал айтарлықтай жақсарады», – деді облыс әкімі.

2025 жылғы тамызда Берік Уәли мен Makimsan президенті Атилла Күршат Дикчи меморандумға отырған. Келісімге сәйкес, түріктерге Семейде бірнеше көпір, Мақаншы және Аягөзде кәріз-тазарту нысанын, облыс орталығында қоқыс полигонын салу тапсырылған. Жаңа әкімшілік ғимараттар салуды түрік компаниясы мойнына алып отыр.

1969 жылы құрылған Makimsan Түркияда және шет елдерде халықаралық әуежайлар, қуатты жылу электр орталықтары, автожол, тоннель мен көпір, метро, полигон, аурухана, мектеп және басқа да ғимараттар салған.

Қазақстандағы түрік компаниялары

Бұған дейін  Miryildiz Mining түрік компаниясы Абай облысында алтын мен мыс өндіріп қана қоймай, мектеп салғысы келетіні мәлім болды.

Бұл уақытта AKSA ENERGY түрік компаниясы Қызылорда қаласында бу-газ электр станциясы құрылысын аяқтап қалды.

Ал Safi Holding түрік компаниясы Қазақстанда қант зауытын салады. Биыл жазда Теңізден газ құбырын тарту тендеріне Esta Construction түрік компания да қатысатыны мәлім болған.

Сондай-ақ оқыңыз