Облыстан көшу, мектеп мәселесі: СҚО-ға жүргізілген аудит нәтижесі жарияланды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
уезжают из Северо-Казахстанской области
17 мектепте спорт залы жоқ/фото: shutterstock

Солтүстік Қазақстан облысынан көшіп жатқандар көбейді. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның облысқа жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысында айтылған.

«Облыста халықтың табиғи өсімі азайып, теріс көші-қон сальдосы байқалады», – делінген ақпаратта.

Ал білім беру саласында үш ауысымды және апат жағдайындағы мектептер проблемасы шешілмеген.

«17 мектепте спорт залы жоқ, 24 мектеп белгілі бір пәндерге арналған кабинет ашылмаған. Медициналық мекемелердің шамамен 74%-ы тозған», – деп хабарлады палата.

Палата төрағасы Әлихан Смайылов өңір бойынша көтерме және бөлшек сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар кірісі едәуір төмендегенін айтады. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша көлемі 100 млрд теңгеге азайған.

«Салық аз төленді, салдарынан жергілікті бюджеттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және басқа да жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі азайды. Көлеңкелі сектор артқан болуы мүмкін», – деді Смайылов.

Қаражат негізсіз жұмсалған

Өңірдегі Qyzyljar арнайы экономикалық аймағына назар аударылмаған. Ал жергілікті бюджеттен маңызы азырақ жобаларға қаражат бөлінген. Оның ішінде әкімшілік ғимараттарын реконструкциялауға 7,3 млрд теңге, театр құрылысына 7 млрд теңге жұмсалған.

«Облыстағы 38 тірек ауыл әлі күнге дейін сапалы орталықтан берілетін ауызсумен қамтамасыз етілмеген. Салынған 79 объектінің 22-сі (10 млрд теңгеге) осы уақытқа дейін пайдаланатын ұйымдарға берілмеген», – делінген ақпаратта.

Бухгалтерлік есеп жүргізуде 24 млрд теңгеден астам сома заңсыз жұмсалғаны анықталды. Мемлекеттік сатып алу саласында да заң бұзушылықтар тіркелген. Мәселен, конкурс өткізбей, 5,5 млрд теңгеге бір көзден сатып алу арқылы шарттар жасасу дерегі анықталды.

Аудит қорытындысы бойынша 28,3 млрд теңгені заңсыз жұмсау, 112,4 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлау және пайдалану дерегі анықталған.

111 факт бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін жіберілді.

Сондай-ақ оқыңыз