Дәрігерлер жеке баппен қорғалады – заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР Қылмыстық кодексі мен Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасына дауыс беру кезінде 18 депутат қалыс қалды, 1 депутат қарсы болды, қалғандары қолдады.

Аталмыш заң жобасын депутат Асхат Аймағамбетов таныстырды. Талқылау барысында депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық персоналға жасалған шабуылдар үшін жазаны күшейту туралы тапсырмасын бірнеше рет жүктегенін атап өтті.

Айтуынша, қылмыстық кодексте дәл осылай, ерекше мәртебемен қорғалатын бірқатар мамандық бар. Олардың қатарында полицейлер, құтқарушылар, арнайы қызмет және құқық қорғау органдарының қызметкерлері (380-1-бап), судьялар мен сот қызметкерлері, прокурорлар, әкімдер, депутаттар, салық инспекторлары тағы басқа (380-бап) билік өкілдері бар.

«Ал енді келесі қолданыстағы нормаға ерекше назар аударсақ – бұл қорықшылар мен жануарлар инспекторларын қорғауға арналған жеке бап (380-2-бап). Егер қорықшының денсаулығына зақым келтірсе, қылмыскер арнайы бап бойынша қазіргі уақытта қатаң жазаланады. Ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Иә, бұл әділетті шешім. Ал егер адамның өмірін арашалап жатқан реаниматолог-дәрігерді соққыға жықса, бұл жай ғана бұзақылық сияқты жалпы негізде тергеледі. Бұл әділетті ме? Бүгінде жауапкершілік тым жеңіл. Сондықтан дәрігерлерді қорғау үшін ұсынған арнайы баптың диспозициясын, санкцияларын және құрылымын егерьлерді қорғайтын баптағыдай қылып, тіпті сөзбе-сөз бердік», – деді депутат.

Мәжіліс депутаттары адамдардың өмірін құтқаратын ақ халатты жандарға да дәл қорықшыларға берілгендей қорғау мен жауапкершілік тетіктерін енгізуді ұсынды. 

Еске сала ктейік, биыл жазда Қостанайда дәрігерді соққыға жыққан бұзақы екі айға қамауға алынды. 

Сондай-ақ оқыңыз