Депутат Қырықбаев ет экспортына қойылған шектеуді толық жоюды ұсынды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда ірі қара етін экспорттауға енгізілген шектеу ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай кері әсер етіп отыр. Мәжіліс депутатына фермерлер, ет өңдеушілер мен салалық бірлестіктер тарапынан көптеп шағымдар келіп түскен. Депутат Темір Қырықбаев осы мәселе бойынша ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа сауал жолдады.

Тек бір компанияға рұқсат берілді

Оңтүстік өңірде ет экспорттау құқығы тек бір ғана компанияға берілген. Аталған компания Өзбекстанға күніне небәрі 150–200 бас ірі қара мал жөнелтіп отыр. Ал шектеулерге дейін бұл көрсеткіш күніне 1000 басқа дейін жеткен. Бұл өзге фермерлердің наразылығын туғызып, нарықтағы теңсіздікке себеп болуда.

«Үкіметтің рұқсаты нақты бір компанияға артықшылық беріп отыр. Бұл лоббизм мен олигополия белгілерін еске салады. Мұндай таңдау қандай критерий бойынша жасалды?» – дейді депутат өз сауалында.

Тыйым салу нарық механизмін бұзды

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылдың соңына дейін 13 мың тонна көлемінде сиыр етін экспорттауға сандық шектеу енгізуді көздеп отыр. Дегенмен, бұл бастамаға депутат түбегейлі қарсы. Оның айтуынша, экспортқа тыйым салу экономикалық тұрғыдан негізсіз және келешекте:

  • Ірі қара мал бағасының үш есеге дейін қымбаттауына;
  • Сыртқы нарықтардың жабылуына;
  • Инвестициялық тартымдылықтың төмендеуіне;
  • Ауыл шаруашылығы өнімдерінің рентабельділігінің әлсіреуіне алып келеді.

«Ет өндіру тиімсіз болса, бөлшек баға төмендемейді, керісінше, халық үшін қымбаттай түседі. Нарық заңын күшпен өзгерту мүмкін емес», – дейді депутат.

Халықаралық тәжірибеде қалай?

Мәселен, Аргентина бірнеше рет ет экспортына тыйым салған. Нәтижесінде, мал басы миллиондаған басқа азайған, мыңдаған фермер банкротқа ұшыраған, экспорт екі есе қысқарған. Тіпті нарықты басқа елдер иеленіп, саланы қалпына келтіруге он жылдан астам уақыт кеткен.

Депутат талабы

Осы орайда, депутат ет өнімдерін экспорттауға қойылған тыйымды толық және шартсыз жоюды талап етті. Сонымен қатар, сыртқы сауда мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарына және халықаралық экономикалық ұйымдарға әр облыстан бір фермерді енгізуді ұсынды. Бұл ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің нақты мүдделерін ескере отырып, үйлесімді және әділ шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді деп санайды.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазіргі кезде баға тұрақтанғанын айтады. Министр ресми дерек бойынша еттің келісі орта есеппен 3249 теңге деп тұжырымдайды.

Сондай-ақ оқыңыз