Мұнай мен газ байлығы: батыс аймақтардағы әлеуметтік теңсіздік

Қазақстанның батыс өңірлері, яғни Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары – мұнай мен газдың қара алтын қоры, ел экономикасының жүрегі, энергетикалық алыптар. Бұл аймақтар мемлекетке миллиардтаған доллар пайда әкеледі, әлемдік компаниялар мұнда миллиардтаған инвестиция құйып, экономиканы түрлендіреді. Бірақ осы байлықтың ортасында отырған халықтың тұрмысы неге басқа өңірлерден артық емес? Көше жарықтарының аздығы, сапасыз жолдар, су мен газдың жетіспеушілігі – бұл сұрақтар батыс аймақтарда жиі қойылып жүр.
Мұнай мен газды өндіретін алып кен орындарының үстінде отырып, тұрғындар неге әлеуметтік тапшылықты сезінеді? Әр аймақтағы халық ел қазынасына миллиардтар салып жатса да, жергілікті бюджеттің қысқарғаны байқалады. Бұл Қазақстанның салық жүйесінің парадоксі. Ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналған аймақтардан түсетін қаржының көбісі Ұлттық қорға кетіп, бүкіл елдің қажеттіліктеріне жұмсалады. Бірақ осы байлықтың игілігін, ең алдымен, сол аймақтың тұрғындары көруі керек емес пе?
Қызығы сол, мұнай мен газға бай аймақтардың қазынасы неге өз тұрғындарына жетпейді? Жауап қарапайым емес. Бұл салықтық жүйенің күрделі құрылымына және республикалық бюджетке түсетін қаржылардың бөлу тәртібіне байланысты. Аймақтардағы халықтың әлеуметтік жағдайы – бүкіл ел үшін маңызды мәселелердің бірі. Ал сол шешім табылмайынша, «мұнайлы аймақтардың тағдыры» деген сұрақ әлі талай талқыланатыны анық..
Батыс аймақтарының ерекшеліктері мен экономикадағы рөлі:
- Мұнай-газ қорының 70%-дан астамы осы аймақтарда шоғырланған.
- Қазақстанның ірі мұнай-химия, газ өңдеу және металлургия зауыттары осы өңірде орналасқан.
- Каспий теңізі арқылы сыртқы сауданың маңызды бөлігі өтеді, мысалы, Ақтау мен Құрық порттары.
- Chevron, ExxonMobil, CNPC, Lukoil, TotalEnergies сияқты ірі шетелдік инвесторлар осы аймақтарда жұмыс істейді.
Инфографика 01: Бастыс аймағындағы ірі компанияларлың салықтық төлемдері
Аймақтың экономикалық үлесі:
- Қазақстан мұнайының басым бөлігі Атырау (Теңіз, Қашаған) және Маңғыстау (Өзен, Қаражанбас) кен орындарынан өндіріледі.
- Батыс Қазақстан облысы газ саласында жетекші, өйткені мұнда Қарашығанақ газ конденсаты кен орны орналасқан.
- Ақтөбе облысы – әлемдік деңгейдегі хром қорының орталығы.
- Осы аймақтардан түсетін салық пен экспорттық кіріс республикалық бюджет кірістерінің жартысына жуығын құрайды.
Ірі кәсіпорындар:
- Атырау: Теңізшевройл, NCOC, Эмбамұнайгаз, Атырау мұнай өңдеу зауыты.
- Маңғыстау: Өзенмұнайгаз, Маңғыстаумұнайгаз, Қаражанбасмұнай, Ақтау теңіз порты.
- Батыс Қазақстан: Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, Орал трансформатор зауыты.
- Ақтөбе: CNPC-Ақтөбемұнайгаз, Қазхром, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты.
Инфографика 02: Батыс өңірінің Республикалық бюджетке салықтық төлемдері
Салық үлесі:
Аймақтардан түскен қаржының негізгі бөлігі республикалық бюджетке емес, Ұлттық қорға бағытталады. 2024 жылы Ұлттық қорға жалпы түсімдер 7,8 трлн теңге болды, оның негізгі бөлігі мұнай-газ секторынан түскен табыстар. Бұл ақша кейін әлеуметтік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларға бөлінеді.
Ұлттық қорға түсетін негізгі төлемдер:
- Бонустар – жер қойнауын пайдалануға рұқсат алған кездегі біржолғы төлем.
- Роялти – өндірілген мұнай-газ көлемінен алынатын үлес.
- Өнімді бөлу бойынша Қазақстанның үлесі (PSA келісімдері аясында).
- Экспорттық кедендік баждың бір бөлігі (мұнайға).
- Қосымша салықтар – пайдалы қазбаларды өндіру салығы, арнаулы төлемдер.
Батыс Қазақстанның салықтық тағдыры: байлық бар, бірақ бюджет тар
Батыс өңірлері – Қазақстанның негізгі салық түсімін қамтамасыз ететін аймақтар болғанымен, бірқатар құрылымдық салық проблемалары бар. Мұнда жергілікті бюджетке тек әлеуметтік салықтар мен мүлік салығы түседі. Бұл дегеніміз, өңірдің экономикасы елдің басқа аймақтарына көмек көрсету үшін қолданылады, бірақ жергілікті халық бұл байлықтың игілігін толықтай көрмейді.
Әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі
Мұнайлы аймақтардың экономикалық әлеуеті зор болса да, әлеуметтік инфрақұрылым әлі де әлсіз. Жергілікті халық көптеген әлеуметтік қызметтер мен инфрақұрылымдық жобаларды жеткілікті деңгейде пайдалана алмайды.
- Су мен газ жетіспеушілігі: Кейбір елдімекендерде таза су мен газ мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. Бұл, әсіресе, ауылдық аймақтарда айқын көрінеді.
- Жолдар мен көлік қатынасы: Мұнайлы аймақтарда жолдардың сапасы жиі сынға алынады. Атырау, Маңғыстау сияқты аймақтарда жолдардың жарамсыздығы мен көлік қатынасының қиындығы халыққа үлкен қолайсыздықтар туғызады.
- Мектеп пен ауруханалар тапшылығы: Ірі кен орындары мен зауыттар орналасқан аймақтарда мектептер мен ауруханалар саны жеткіліксіз. Оқушылардың тығыздығы жоғары, ауруханаларда қызмет көрсету сапасы төмен болуы мүмкін.
Экологиялық мәселелер
Батыс аймақтарда мұнай-газ өндірісінің жоғары деңгейде дамуы экологиялық зардаптарға әкеп соғуда.
- Ластану: Мұнай өндірісі мен газ өңдеуден шыққан қалдықтар мен зиянды заттар топырақты, суды және ауаны ластайды. Бұл жергілікті тұрғындардың денсаулығына теріс әсер етеді.
- Табиғи ресурстардың сарқылуы: Мұнай мен газдың үздіксіз өндірісі табиғи ресурстардың сарқылуына әкеліп, экологиялық тепе-теңдікті бұзады.
- Мұнай төгілуі: Мұнай өндіру барысында жиі кездесетін мұнай төгілуі аймақтың экологиясына орасан зиян келтіреді.
Жұмыссыздық және еңбек миграциясы
Мұнайлы аймақтарда жұмыс орындары көп болғанымен, кейбір өңірлерде жұмыссыздық деңгейі әлі де жоғары.
- Жоғары еңбек миграциясы: Мұнай-газ саласындағы жұмыс күшінің басым бөлігі сырттан келетін жұмысшылардан тұрады. Бұдан жергілікті тұрғындарға жұмыс орындары азайып, әлеуметтік шиеленіс тудырады.
- Жалақы айырмашылығы: Мұнайлы аймақтарда жұмысшыларға жоғары жалақы төленсе де, жұмыссыздықтың деңгейі кейбір ауылдық жерлерде жоғары болып қалып отыр.