Қырғызстан іздестірген миллионер Жамбыл облысында зауыт салып жатыр

Жамбыл облысында, мемлекет қолдауымен, жаңа химия зауытының құрылысы басталды. 68 млрд теңгенің жобасын Altynalmas Reagents жүзеге асырады.
Шудағы ірі өндіріс
Кәсіпорын жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіреді, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі. Зауыт Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында салынады, деп таратты Жамбыл облысының әкімдігі.
Өндіріс елдегі химия және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудағы маңызды жобалардың біріне айналады. Зауыт 2027 жылғы наурызда іске қосылады деп жоспарланған.
«Зауыт ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырады. Кәсіпорын өнімін отандық тұтынушылардан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолияға жеткізу көзделіп отыр», – деп таратты министрлік.
Кәсіпорын іске қосылған соң , 108 тұрақты жұмыс орны ашылады, ал құрылыс кезеңінде 200-ге жуық адам уақытша жұмыспен қамтылады. Жаңа өндірістен жыл сайын бюджетке шамамен 500 млн теңге салық түседі.

Қырғыз арнайы қызметі іздестірген миллионер
Инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» жүзеге асырып жатыр. Ол Қазақстанда алтын өндіретін үш ірі кәсіпорынның бірі – «Алтыналмас» компаниясына еншілес ұйым.
2025 жылғы 31 қазандаға мәліметке қарағанда, «Алтыналмас» акцияларының 66,82%-ы Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V. компаниясына тиесілі. Оның басшысы – Владимир Жұманбаев. Forbes Kazakhstan кәсіпкердің байлығын 472 млн долларға бағалаған. Қазір ол дәулеттілер тізімінде 21-орында тұр.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы маусымның басында Қырғызстан Жұманбаевқа іздеу салған. Көрші елдің арнайы қызметі оны «қылмыс әлемінің дөкейі» Қамшыбек Көлбаевпен «бірлескен бизнес-жобаларды жүзеге асырды» деп айыптаған. Сол кезде кәсіпкерге Kazakhmys Holding араша түскен. 2025 жылғы көктемде миллионерге тиесілі «Беңқала» тау-кен компаниясы шығынға ұшырағаны мәлім болды.
Экономика министрлігінің мәліметінше, құрылысты «Қазақстанның Даму Банкі», «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы қамтамасыз етіп отыр. Банк пен жобаны іске асырушы компания арасында несие келісіміне 2023 жылғы қыркүйекте қол қойылып, 2024 жылғы мамырда қаржыландыру ашылған. Бөлінген қаражат көлемі – 98,8 млн еуро, бұл жобаның жалпы құнының 75%-на тең.