Алматы билігі құрылысты бақылауды күшейтті: тағы 70 ғимарат бұзылады

Алматы әкімдігі қаланың бас жоспарын жаңартқан соң, құрылысты бақылауды күшейтті. Әкім орынбасары Бейбіт Шаханов осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала билігінің мәліметінше, 2025 жылы 1 300-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Талапты бұзғандарға 350 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынып, 600-ден астам заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берілген.
Кейінгі төрт жылда қала құрылысы кеңесінде қаралған 395 жобаның жартысына жуығы – 47,8%-ы ғана мақұлданған.
«Жобаны қарау кезінде қасбет шешіміне, осы заманғы технологияны қолдануға, халықтың тығыздығын ескеріп, сәулеттің қоршаған құрылысқа сай болуына ерекше назар аударады», – деп таратты әкімдік.
Жыл басынан бері сотқа шамамен 80 талап-арыз беріліп, оның жартысы қанағаттандырылды. Әкімдік талап-арыздың 42-сі нысандарды толық немесе ішінара бұзуға қатысты болғанын айтты.
Жалпы қала бойынша жыл басынан бері 38 заңсыз құрылыс бұзылып, тағы 70 нысанды алдағы уақытта бұзу жоспарда тұр.
Осының алдында қала билігі Алматының тау бөктерінде 3 қабаттан биік тұрғын үй құрылысына тыйым салған.
Бұған қоса биыл «СК 7 строй», «AsiaMax» және «СК MEGARON» құрылыс компаниялары лицензиядан айрылды.
2025 жылғы қарашада премьер Олжас Бектенов Алматы-1 вокзалының құрылысы кешеуілдегені үшін Дархан Сабыталды басқаратын қала билігін сынаған.
Бұған дейін Kursiv.Media Тереңқұрда миллионер Алагөзовке тиесілі жерде үйлер сүріліп жатқаны туралы жазған.