Қазақстандағы лифтердің 10%-ы қауіп төндіреді – сенатор

Қазақстанда лифт қауіпсіздігі жылдан-жылға нашарлап барады, бірақ жүйелі шешімдер әлі қабылданған жоқ. Бұл туралы сенатор Бекбол Орынбасаров депутаттық сауал жолдап, лифт саласындағы ахуалдың шұғыл араласуды талап ететінін мәлімдеді.
Сенатордың айтуынша, лифт және көтергіш механизмдерге қатысты проблемалар бұған дейін де көтерілген. Алайда мемлекеттік органдардың жауаптары формалды деңгейде қалып, нақты шаралар іске аспаған. Ол бұл тақырыпқа қайта оралуға мәжбүр екенін атап өтті. Өйткені немқұрайлы көзқарас қайғылы жағдайға әкеледі. Жақында ғана оқыс оқиға орын алды. Астанада жөндеу жұмыстары кезінде лифт құлап кетіп, бір адам қаза тауып, екеуі ауыр жарақат алған.
Орынбасаровтың сөзінше, жергілікті әкімдіктерде лифтерге бақылау жүргізуге қажетті штат та, білікті маман да, техникалық база да жоқ. Мәселен, Астанадағы тұрғын үй инспекциясында 10 430 лифтті тек екі қызметкер ғана бақылайды, олар сонымен қатар газ баллондарына да жауап береді. Ал өңірлердегі инспекторлардың көпшілігі қауіпсіздік талаптары жөнінде жеткілікті білімге ие емес.
«2013 жылы лифтерге бақылауды жергілікті атқарушы органдарға беру – бұл өте қате шешім болды. Сол кезде Төтенше жағдайлар министрлігінің кәсіби бақылау функцияларын оңтайландыру деген желеумен әкімдіктерге берді. Жергілікті деңгейде бұл функциялар жай ғана басқа функциялармен сіңісіп кеткен, яғни штаттар қысқартылды, жауапкершілік мүлдем жойылды», – деді Бекбол Орынбасаров.
Сенатор тозған лифт паркінің жағдайын да айрықша атады. Нормативтік мерзімі 25 жыл болатын лифтердің 4 мыңнан астамы толық ауыстыруды талап етеді, ал шамамен 7 мың лифт пайдалану мерзімін әлдеқашан аяқтаған. Бұл – елдегі әрбір оныншы лифт адам өміріне қауіп төндіреді деген сөз.
«Көппәтерлі-тұрғын үй объектілеріндегі лифтерге мемлекеттік бақылауды әкімдіктерден Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қайтару қажет. Лифтерді қауіпті техникалық механизм ретінде танып, қатаң бақылау шараларын қолдану және ескірген лифтерді толық ауыстыруға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске қосу, өкілеттіліктерді қайта қарау және жаңа, тиімді алгоритм жасау үшін ведомствоаралық комиссия құруды ұсынамыз», – деді сенатор.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада тұрғын үйде лифт құлап, бір адам көз жұмғаны хабарланған еді.