Монополист компаниялар өз нысанын жаңғырту үшін жарты триллион сұрап отыр

Энергетика және коммуналдық шаруашылық секторындағы кәсіпорындар өз нысандарын жаңғырту үшін жалпы құны 473,9 млрд теңгеге бағаланатын 179 өтінім жолдаған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Ұлттық жобаның қаржылық операторы – «Бәйтерек» холдингі «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы өтінімдерді қабылдап жатыр.
«Ұлттық жобаны жүзеге асыру белсенді жүріп жатыр: 2025 жылғы 26 қарашадағы жағдай бойынша коммуналдық шаруашылықтың барлық бағыттары бойынша 179 өтінім тіркелді. Жобалардың жалпы құны 473,9 млрд теңгені құрайды», – делінген министрлік ақпаратында.
«Бәйтерек» холдингі табиғи монополия субъектілерінің 63 өтінімін қарап, оның 43-ін 72,2 млрд теңгеге мақұлдаған. Ал 20 өтінім жалпы 32 млрд теңге көлемінде қайта қарауға жіберілген немесе өтініш берушілер тарапынан кері қайтарылған.
27 қарашада Астанада ұлттық жобаға арналған Қоғамдық кеңестің екінші отырысы өтті. Онда техникалық оператор – «ҚазОрталықТКШ» компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбеков су жабдықтау, су бұру, жылумен және электрмен қамтамасыз ету жобалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Министрліктің айтуынша, ұлттық жоба үшін отандық тауар өндірушілерді қолдау басым бағыттардың бірі. Себебі жергілікті өнімді ТКШ және энергетика салаларында қолдану өндірістің дамуына серпін береді. Кеңес бұл мәселелерді алдағы отырыстарда егжей-тегжейлі талқылауға келісті. Келесі жиындардың бірі 2025 жылдың желтоқсанында өтеді.