Қорғаныс министрлігі әскери кафедраларға жаппай ревизия жүргізгелі жатыр

Ревизия барысында әскери кафедралардың қажеттілігі мен тиімділігі зерделенеді.
Әскердің мәселелері талқыланған Мәжілістегі жұмыс отырысында депутат Ермұрат Бапи ақылы әскери кафедраларға түсіп, әйтеуір әскери билет алып шығуды ойлайтын жастар жайлы сөз қозғады. Сөзінше, осылай әскер дайындаудың өзі – проблемалық мәселе. Депутат әскери кафедралар қаншалықты тиімді деген сұрақты алға тартты.
«Менің үш сұрағым бар: 10 жылда біз 70 мың офицер дайындайды екенбіз. Осылардың қаншасы тұрақты армияға барып, қызмет етіп жүр? Сондай статистика бар ма? Екіншіден, әскери кафедраларды бітіріп шыққандардың құрылымы қандай? Қаншасы армияда жүр? Әлде бізде жалпы оқыта бере ме? Жаңадан ашылатын кафедралардың профилін кім анықтайды? Жалпы одан шыққан жастар әскерге баруға дайын ба?» – деп сұрады Ермұрат Бапи қорғаныс саласының басшыларынан.
Бұл сұраққа жауап берген Қорғаныс министрінің тәрбие істері жөніндегі орынбасары Серік Боранбаев бүкіл кафедраларға ревизия жасалатынын мәлімдеді.
«Жақында бір университеттен «біз кафедра ашайық деп едік, бізге рұқсат беріңіздер» деген хат келді. Бұл тіркеуден бас тарттық. Неге десеңіз, университет ұсынып отырған мамандарды Алматыда онсыз да дайындалып жатыр», – дейді ол.
Қорғаныс министрлігі берілген мәлімет бойынша, қазір армияға 8 мың офицер керек. Әр өңірдің қолбасшылығына кадрлар департаментіне қажеттілікке қарай сұрау жолдайды. Әскери кафедралардан жыл сайын әскерге 700 офицер шақырылады. Енді жыл сайын бұл офицерлерлердің санын көбейту көзделіп отыр.