Алғаш рет мемлекеттік деңгейде ішкі саясаттың идеологиялық бағыты бекітілді – Қарин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қараша күні «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойған. Құжат алғаш рет елімізде ішкі саясаттың идеологиялық бағыты мен ұйымдастырушылық аясын анықтайтын жүйелі, біртұтас актке қосып отыр. Бұл туралы мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жариялады.
Қариннің сөзінше, тұжырымдамалық құжатты құру туралы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда сөз болып, сарапшылар мәселеге баса назар аударған. Тоқаев бастаманы қолдаған.
«Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Тәуелсіздік алғалы елімізде әр кезеңде ішкі саясаттың басымдықтарына орай түрлі құжаттар, бағдарламалар қабылданды. Бірақ бұл құжаттарда саланың қағидаттары мен құндылықтары, мақсаттары мен бағыттары біртұтас жүйе ретінде көрсетілмеген еді. Керісінше кейде бір-біріне қайшы келетін нормалар кездесетін. Енді, міне, мемлекеттік деңгейде алғаш рет ішкі саясат ұғымы, оның мақсаттары мен міндеттері, бағыттары жүйелі түрде нақты айқындалып, бекітіліп отыр», – делінген Қариннің мақаласында.
Тұжырымдаманы Ұлттық құрылтай мүшелері мен ғылыми қауымдастық өкілдері бірігіп әзірлеген. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қағидаттардың, жалпыұлттық құндылықтардың, ішкі саясаттың басты бағыттары жүйеленіп, тұжырымдама жүргізіліп отырған қазіргі саясатты біртұтас дүниеге айналдырды.
Бұған қоса, Қарин тұжырымдамада жалпыұлттық нышандардың бекітілгенін айрықша атап өтті. Мәселен, шаңырақ – ұлттық бірліктің, домбыра – ұлттық музыкалық аспаптың, Абайдың «Қара сөздері» ұлттық кітаптың нышаны болып айқындалған.
«Сыншылардың кейбірі «бұл құжатта жаңа идеология неге жоқ?» деген сыңайда пікір айтып жатты. Алайда тұжырымдама әу бастан мұндай мақсатты көздеген жоқ. Оның үстіне біздегі саяси плюрализм, пікір алуандығы жағдайында бұл мүмкін емес. Құжаттың мәні – азаматтарымыз ұстанатын жалпыға ортақ қарапайым нормалар мен құндылықтарды бекіту. Яғни қоғамдық құрылым күрделенген сайын әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі ұстанымдағы адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтарды айқындау», – деп жазды Қарин.
Ол жаңа этика мен құндылықтар жүйесін бір күнде орнықтыру мүмкін емес екенін атап өтті. Құрғақ ұран, жылтырақ идеологиямен қол жеткізу – бос әурешілік. Мемлекеттік хатшы жалаң үгіт-насихаттың кері әсер ету ықтималдығында айта кетті. Ол саяси пікір алуандығы және сөз бостандығы жағдайында ең дұрыс қадам барлығын өз уақытымен таныту екенін сөз етті.
Оның сөзінше, жаңа саясаттың негізгі элементінің бірі ретінде «Заң және тәртіп» қағидаты айқындалған. Бұл – жеке адам мен қоғамдық қауіпсіздіктің іргетасы. Заңдылықты сақтау – мемлекеттің бірден-бір басты міндеті. Бірақ қоғамның қолдауынсыз бұл істе нақты нәтижеге қол жеткізу қиын екенін алға тартты. Сол үшін қоғамда қандай да бір құқық бұзушылыққа, агрессия мен зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыру маңызды болмақ. Оның сөзінше, осы қағидатты ұстанудың арқасында елдегі қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 80 пайызға қысқарған.
Құндылықтардың қадірлеудің тағы бір нышаны ретінде Қарин Республика күні мен Тәуелсіздік күнін, Наурыз бен Жаңа жылды, Ораза айт пен Құрбан айтты, Рождество мен Пасханы, Қазақстан халқының бірлігі күнін, Халықаралық әйелдер күнін кеңінен атап өтуді көрсетті. Кейінгі жылдары Қазақстанда Ұлттық рәміздер күнін, Отбасы күнін, Ұлттық кітап күнін, Ұлттық домбыра күнін мерекелеу жалпыхалықтық сипат ала бастағанын да сөз етті.
Ол болашақта мұндай ауқымды мерекелердің артуы мүмкін екенін айтады. Алдағы уақытта атап өту ықтималдығы бар мерекелердің бірі ретінде Көршілер күнін айта кетті. Қариннің мақаласының толық нұсқасын мына жерден оқуға болады.