Алматы әкімдігі ауа сапасына қатысты ресми дерекке ғана сенуге кеңес берді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы қаласы экология лас ауа түтін смог
фото: shutterstock

Дархан Сатыбалды басқараған Алматы әкімдігі шаһардағы ауа сапасына қатысты ресми дерекке ғана сенуге кеңес берді. Қала билігі жеке құрылғылар тарататын ақпаратты «сенімсіз» деп есептейді.

Ресми мәліметке сенуге бола ма

Әкімдіктің мәліметінше, Алматы қаласында атмосфералық ауаның жағдайы тек «Қазгидромет» бақылау бекеттерінен алынған мәліметтер негізінде жүргізіледі.

«Бұл қызметтің барлық құрылғысы сертификатталған, мемлекеттік тізімге енгізілген және міндетті тексеруден өткен. Ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз», – деп таратты Алматының экология және қоршаған орта басқармасы.

Басқарманың дерегінше, қала аумағында 16 стационарлық бақылау бекеті орнатылған.

Мекеме түрлі жекеменшік немесе калибрленбеген құрылғылар тарататын ақпарат «ресми емес» деп отыр.

«Мұндай датчиктердің жарамды сертификаты жоқ, олар тексеруден өтпеген және мемлекеттік өлшеу құралдары тізіміне енгізілмеген. Сондықтан мұндай құралдардан алынған ақпаратты сенімді дерек ретінде қолдануға болмайды«, – деп ескертті әкімдік басқармасы.

Ауаны кім ластайды

«Қазгидромет» мәліметінше, биыл 24-25 қарашада жоғары (10 ШРК-дан жоғары) және аса жоғары (50 ШРК-дан жоғары) ластану деңгейі тіркелмеген. Жекелеген бекеттерде кейбір заттар бойынша 1,0-2,1 ШРК шамасында бір реттік аздаған асу байқалды.

Қала билігі мегаполисте ауаның ластануын автокөліктің көбеюімен түсіндіріп отыр.

«Ластаушы көздер жеке тұрғын үйлер, өндірістік нысандар және қала аумағында пайдаланылатын шамамен бір миллионға жуық автокөлік. Бүгінде Алматының ауа бассейнін негізгі ластаушы — автокөлік көлігі (шығарындылардың 60%-ына дейін)».

Қазақстандағы ең ірі қала – Алматы шаһарында 2,3 млн халық тұрады. Алматылықтар ауа сапасының нашарлап кеткеніне жиі шағымданады.

Бұған дейін IQAir халықаралық компаниясы Алматы қаласын әлемдегі ең лас 10 ірі қаланың тізіміне қосқан.

Сондай-ақ оқыңыз