Гонконгтегі өрттен кейін құрылыс компаниясының басшылары ұсталды

Қытайдың Гонконг қаласындағы алапат өрттен қаза тапқандар саны 94-ке жетті. Полиция құрылысты жүргізген компаниялардың басшыларын ұстады, деп хабарлады Reuters.
Өрт сөндірушілер 26 қарашада түстен кейін тұтанған алапат өртті жұма күні таңертең ғана ырықтай алды. Құтқарушылар оны бүгін кешке қарай толық сөндіруді көздеп отыр.
Қала тарихында кейінгі 80 жылдағы ең ірі өрттен қаза тапқандар жүзге жақындап қалды. Тағы ондаған адам із-түссіз жоғалған. Отқа оранған «Ван Фук Корт» тұрғын үй кешенінде 4 мыңға жуық адам тұрады.
Қытай полициясы Prestige Construction құрылыс компаниясының екі директоры мен бір инженерін ұстады. Оларға «қауіпті материалдарды пайдалану арқылы абайсызда кісі өлтірді» деген айып тағылған.
«Компанияның жауапты тұлғалары жұмысына салғырт қарап, апатқа жол берді деуге негіз бар», – дейді полиция қызметкері.
Бұған қоса полиция компания кеңсесін тінту барысында тендер құжаттарын, қызметкерлер тізімін, 14 компьютер мен үш мобильді телефонды тәркілеген.
CNN телеарнасы Гонконгтегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғалып, жемқорлық қылмыстарын да тексеріп жатқанын жазды. Өйткені жергілікті халық үкіметтен көптеген сұраққа жауап беруді талап етіп отыр.