Қостанай өңірінің жылу желілерін жөндеу үшін 2,2 млрд теңге бөлінді

Үкімет Қостанай облысындағы жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жедел жаңғырту үшін резервтен шамамен 2,2 млрд теңге бөлді. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаражат қайда жұмсалады
Қаражат Қостанай, Жітіқара, Арқалық қалаларын жылумен жабдықтау және Рудныйды сумен жабдықтау нысандарын жөндеуге бағытталған.
Қостанай ЖЭО-ның 1955 жылы салынған негізгі бу құбырына жөндеу жүргізуге 188 млн теңге қарастырылған. Бұл құбыр соңғы рет 2012 жылы ғана ішінара жөнделген. Жаңғырту алдағы қыс маусымында ЖЭО жұмысының сенімділігін арттыруға тиіс.
Жітіқара қаласы
Қаладағы 11 шағын ауданға жылу жеткізетін желілерді жөндеуге 389 млн теңге бөлінді:
- 269 млн теңге – Ы. Алтынсарин көшесіне,
- 205 млн теңге – Жібек Жолы көшесіне.
Бұл желілер 183 көппәтерлі үйді, 2,5 мың жеке үйді және жалпы 15,5 мың абонентті жылумен қамтиды. Қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 78 шақырым.
Арқалық қаласы
Сондай-ақ жұмыстар Арқалық қаласында да жүргізілуде, онда жылу желілерін реконструкциялау бойынша жобаның үшінші кезегін жүзеге асыруға шамамен 645 млн теңге бағытталды. 2025 жылы ұзындығы 1,6 шақырым желіні жаңарту жоспарланған. Бұл учаскеге мектеп пен 300 абонент қосылған.
Рудный қаласы
Рудный қаласының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау жобасы 500 млн теңгеге қаржыландырылды. Қаражат 1978 жылы іске қосылған №2 сүзу стансасын жаңғыртуға жұмсалады.
Жоба:
– Рудный қаласының,
– Қашар және Горняцк кенттерінің,
– өнеркәсіптік нысандардың, барлығы 122 мыңнан астам тұрғынды сапалы сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкімет қабылдаған жаңғырту шаралары өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды едәуір нығайтуға, жылу және сумен жабдықтау нысандарының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға, тұрғындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен және сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.