«Қазатомөнеркәсіп» басшысы алаяқтарға сенбеуге шақырды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшысы Мейіржан Юсупов әлеуметтік желілерде өз атынан белгісіз біреулер жоқ инвестициялық платформаны жарнамалап, жұрттың ақшасын жымқырып жүргенін айтады.

ҰК басшысы көпшілікке үндеу жасап, «Қазатомөнеркәсіп» ешқашан өз акцияларын түрлі платформаларда жарнамаламайтынын мәлімдеді.

«Журналистердің жиналған сәтін пайдаланып, үндеу жасағым келеді. Біздің атымыздан өздерін жарнамалап жүрген алаяқтарға сенбеңіздер! «Қазатомөнеркәсіп» ешқашан өз акцияларын қайдағы бір түрлі платформалар арқылы жарнамаламайды. Мұндай алдауға түспеңіздер! Өкінішке қарай, қазірдің өзінде бізге түрлі хаттар келіп жатыр. БАҚ өкілдері арқылы көпшілікке мұны бір рет ескерткен едік. Бірақ ақпарат көп заманда жұртшылыққа ол ескертуіміз жетпеген секілді. Алаяқтар азаматтардың ақшасына қол жеткізу үшін дауысты да, видеоны да салып жатыр», – дейді ұлттық компания басшысы.

Мейіржан Юсупов журналистердің бәріне осы үндеуін көпшілікке жеткізуді өтінді.

Айта кетейік, осыған дейін «ақшаны қате аударып қойдым» деп хабарласып, алаяқтыққа баратындар жайлы Ұлттық банк арнайы ескерту жасады.

Сондай-ақ енді қаржы алаяқтарының құрбаны болған азаматтардың несиесін банктердің өзі өтейтін болады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз