Алдағы 4 жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 млрд бөлінеді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұл жайлы Астанада өткен жиында Тоқаев мәлімдеді.

«Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет. «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді», – деді ол.

Дегенмен президент бірлескен шаруашылықтар кейде тек көзбояушылық үшін ғана құрылатын жағдай болғанын айтты.

«Бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Рас, мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбаған. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді», – деді Тоқаев.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2023-2024 жылдар аралығында республикалық бюджетті оны іске асыру үшін 120 млрд теңге бөлінген.

Жиында Тоқаев Конституцияға енгізілетін түзету жайлы да түсіндіре кетті. Ол жайлы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз