Әлемде уран қымбаттайды: «Қазатомөнеркәсіп» барлауға 85 млрд теңге бөлмек

«Самұрық-Қазына» қорының қоғамдық кеңесі отырысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның қызметі туралы есеп тыңдалды.
Екі бағыт та тоқтаусыз жұмыс істеп тұр
Талқылау барысында компания басқармасының төрағасы Мейіржан Юсупов жұмыс қорытындыларын, стратегиялық басымдықтарды таныстырып, әлемде атом энергетикасына сұраныс артып жатқан жағдайда саланың даму перспективалары туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, «Қазатомөнеркәсіп» әлемдік уран нарығында өз көшбасшылығын сенімді түрде сақтап отыр. Компания тұрақты жеткізілім мен жоғары қауіпсіздік стандарттарын қамтамасыз етеді.
«Былтыр компания тарихындағы маңызды жеңіс – БАӘ-дегі Барака АЭС-не уран жеткізілді. 2025 жылы біздің серіктестер қатарына Швейцария қосылады. Сондай-ақ Жапония мен Оңтүстік Корея тарапынан өсіп келе жатқан қызығушылықты байқап отырмыз», – деді Юсупов.
«Қазатомөнеркәсіп» уранды Санкт-Петербург порты және Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) арқылы жеткізеді. Қазір екі бағыт та тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
2018 жылғы IPO-дан бері компания капитализациясы 3 млрд доллардан 15 млрд долларға дейін өскен.
«Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі ірі уран өндіруші. Әлемдік өндірістің шамамен 40 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал еліміздегі барлық кен орындары скважиналық жерасты шаймалау (СЖШ) әдісімен игеріледі.

Мейіржан Юсупов СЖШ технологиясы МАГАТЭ тарапынан ең экологиялық қауіпсіз әдіс ретінде танылғанын атап өтті. Бұл технология экожүйеге әсерді барынша азайтып, жұмыс орындарын сақтай отырып, объектілерді тұрақты түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Өндіру аяқталғаннан кейін учаскелер рекультивациядан өтеді. Ал жер үш-төрт жыл ішінде толық қалпына келеді.
Отырыс барысында жаһандық ядролық ренессанс болжамнан нақты іске өтіп жатқаны айтылды. Жаңа АЭС құрылысы мен қолданыстағы реакторлардың қызмет мерзімін ұзарту есебінен 2050 жылға қарай әлемдегі реактор саны 730-ға дейін өсуі мүмкін.
Уран тапшылығы
Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылдан бастап әлемдік уран нарығында құрылымдық тапшылық қалыптасып, бұл бағаның өсуіне әкеледі.
«Біз осы нарықтық өзгерістерге дайын болуды мақсат етіп отырмыз. Геологиялық барлауға салынатын инвестицияны едәуір ұлғайтып, 2030 жылға дейін 85 млрд теңгеден асатын кешенді бағдарламаны іске қостық. Биыл екі жаңа учаскеде жұмыстар басталды, олардың жоспарлы өндірісі 60 мың тонна шамасында. Бұл елдің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді компания басшысы.
Бөлек бөлім уран және сирек жер металдары бағыттарының дамуына арналған. Бұл негізгі қызмет болмаса да, Өскемендегі Үлбі металлургия зауыты бериллий, тантал, ниобий өңдеу бойынша әлемдегі жетекші кәсіпорындардың бірі болып қала береді. Компания минералдық-шикізат базасын кеңейтуді стратегиялық міндет ретінде қарастырады.

Қазатомөнеркәсіптің ірі инвестициялық жобалары негізінен өндірістік қуаттар мен инфрақұрылымды қолдауға бағытталған. Ірі жобаларға салынған инвестиция көлемі 260 млрд теңгеден асады, құрылыс кезеңінде мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін әлемде жаңа атом реакторларының көбеюі салдарынан 2030 жылдан кейін уран тапшылығы туындауы жайлы жазған едік. Осыған байланысты компания жаңа кен орындарын барлауға кіріскен. Бұл туралы басқарма төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беру кезінде айтқан.
Мейіржан Юсуповтың сөзінше, жасанды интеллектің дамуы мен деректер орталықтарының энергия тұтынуының артуы уранға сұранысты тұрақты түрде өсіріп отыр.
Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы 2025 жылдың үшінші тоқсанында уран сатылымын өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға ұлғайтып, 3,86 мың тоннаға жеткізгені хабарланған еді.