Миллиардерлерге тиесілі банктердің таза табысы артып жатыр

Қазақстанның екінші деңгейлі банктері 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында 2,279 трлн теңге таза пайда тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға артық. Қазақстанда 23 банктің 10 айда тапқан 2,3 трлн теңге таза пайдасының 65%-ы әдеттегідей ірі үш банкке тиесілі.
Нарықтағы ірі банктер
Ең табысты банктердің көшін Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі «Халық банк» бастап тұр. Банк 10 айда 811 млрд теңге таза пайда көрген.
Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі – Вячеслав Ким 20% акциясына иелік ететін Kaspi Bank те табысын арттырып, 473 млрд теңгеге жеткізді.
Акцияларының негізі бөлігі бизнесмен Бақытбек Байсейітовтің меншігіндегі «Банк ЦентрКредиттің» пайдасы өскен. Қаржы ұйымы 10 айда 212,6 млрд теңге таза пайда алды.
Қазақстандағы ең бай кәсіпкердің бірі Болат Өтемұратовқа тиесілі Forte Bank те оң нәтиже байқатып, 153,3 млрд теңге табыс тапты.
Табысы азайған банктер
Алайда топ-10 ішінде табысы азайған банктер де бар. Мемлекетке тиесілі «Отбасы банк» таза пайдасын 2024 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға азайтып, 10 айда 93,4 млрд теңге пайда тапты. Alatau City Bank болса жылдық мәнде табысын 9,5% азайтып, 119,8 млрд теңге табыс алған.
Қазақстанда ең дәулетті отбасылардың бірі – Ибрагимов пен Шодиев және марқұм Машкевичтің мұрагерлері иелік ететін «Еуразиялық банк» табысы былтырғы қазаннан бері бірден 43,7% төмендеп, 42,9 млрд теңге болды.
Сондай-ақ Citibank Kazakhstan табысы жылдық мәнде 30%-ға қысқарып (88,2 млрд-тан 67,5 млрд-қа), ал «Шинхан Банк Қазақстан» пайдасы 27,6% төмендеді (30,4 млрд-тан 22 млрд-қа).
Ал Қазақстан нарығындағы жаңа ойыншылардың бірі – корейлік Bank BNK («Банк БиЭнКей») 10 айда 1,3 млрд теңге шығын көрді.