Астанада құрылыс компаниясы атын жамылған топ 7,9 млрд теңге ұрлаған

Астанада «Qyran» тұрғын үй кешенінде пәтер сату кезінде миллиардтаған теңге жымқырды деген күдікпен құрылыс компаниясының қызметкерлеріне тергеу жүргізіп жатыр. Бұл жайлы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, сату кеңсесінде азаматтарға компанияның нысандарға меншік құқығы бар екенін «дәлелдеу» үшін арнайы макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар және анықтамалар көрсетілген. Клиенттерге пәтерлер, коммерциялық үй-жайлар және паркинг орындары нарықтық бағадан төмен ұсынылып, мәміленің толық заңды екені айтылған.
«Алайда сатып алу-сату шарттарын жасау орнына күдіктілер брондау шарттарын, кепіл туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдеген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыларға меншік құқығын бермейді. Жәбірленушілер төлемді қолма-қол және қолма-қол ақшасыз түрде схеманың қатысушыларының жеке шоттарына аударған. ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген. Нәтижесінде азаматтардың 3,8 млрд теңгеден астам қаражаты жымқырылған», – делінген агенттік хабарламасында.
Азаматтардан ұрланған қаражат
ҚМА дерегінше, тергеу барысында екінші алаяқтық схема да анықталған. Күдіктілер құрылыс компаниясы атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, объектілерге меншік құқығын тіркегенімен, сатудан түскен қаражатты компания кассасына өткізбеген. Соның нәтижесінде 76 жылжымайтын мүлік объектісінің сатылуынан 4,1 млрд теңге ұрланған.
«Осылайша азаматтар мен компанияға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңгеге жетті. Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық нысанға және бір автокөлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынған», – делінген ведомство ақпаратында.
ҚМА тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.