ҚДБ қандай ірі компанияларды қаржыландырғалы отыр

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторлардың ресми сауалына берген жауабында Қазақстан Даму банкі елдегі қандай ірі компанияларды қолдайтынын хабарлады.
Бектенов не дейді
Үкімет басшысының айтуынша, қаржыландыру туралы шешім қабылдауда ең жоғары басымдық даму индексі жоғары жобаларға беріледі, ал индексі төмен жобалар мемлекеттік көздер есебінен қаржыландырылмайды.
«2024 жылдың соңында ҚДБ портфелінің құрылымы мынадай болды: жобалардың 82 пайызы – жоғары индексті, 16 пайызы – орташа, 2 пайызы – төмен индекс көрсеткішінде. 2025 жылы ҚДБ инновация, экологиялық тұрақтылық және жобалардың әлеуметтік маңыздылығы критерийлерін күшейте отырып, Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескеріп, әдістемесін жаңартты. Сонымен бірге, ел үшін маңызды 17 жобаның 14-ін қаржыландыруға қатысуды жоспарлап отыр. Олар экономиканың басым бағыттарын қамтиды: АӨК өнімдерін және металдарды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, тыңайтқыш өндірісі, ауыр машина жасау, туризм», – делінген жауапта.
Атап айтқанда, жылына 120 мың автокөлікке дейін өндіруге қауқарлы «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» мультибренд зауыты жобасы аяқталған. ҚДБ сонымен қатар, жылына 2,45 млн тонна қуаттылықтағы жаңа кокстық батареялар зауытын салу, «Qarmet» АҚ-ның 4 млрд текше метрлік табиғи газ құбыры, Астанадағы «Kazak Protein» ЖШС-ның бидай мен бұршақты терең өңдейтін интеграцияланған АӨК кешені және басқа да жобалар қаралып жатыр.
«Бұл кәсіпорындар ондаған мың жұмыс орнын құрып, айтарлықтай макроэкономикалық әсер береді және еліміздің технологиялық әрі тұрақты болашақ экономикасының негізін қалайды», – делінген жауапта.
Сенаторлар талабы
Бұған дейін Сенаттың бір топ депутаты «Бәйтерек» холдингіне көп сұрақ туындап отырғанын айтып, жобаларды іріктеуге баса мән беру керек деген еді. Олардың пікірінше, ҚДБ жобаларды ел экономикасы үшін маңызды басым секторларға қарай іріктеуі керек. Сондай-ақ мультипликативтік әсері жоғары бастамаларды таңдауы қажет.
Бұдан бөлек, экспорттық әлеуеті жоғары салаларды қолдауға назар аудару керек. ҚДБ жоғары қосылған құнды өнім өндіретін жобаларды қаржыландыруы тиіс. Сондай-ақ жобаларды іріктеу және қаржыландыру кезінде өңірлер арасындағы тепе-теңдікті сақтауы қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Даму банкі былтыр басқарма мүшелеріне жалпы сомасы 272,9 млн теңге сыйақы төлегені хабарланған. Бұл туралы Қазақстан қор биржасындағы ақпаратта жазылған.