Жамбыл облысы инвестиция тарту бойынша республикада үздік үштікке енді

Жамбыл облысы инвестиция тарту бойынша республикада үздік үштікке енді. Жыл басынан бері Жамбыл облысы экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы өңір әкімі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
Оның айтуынша, тартылған инвестицияның 82%-ы жеке меншік қаражат. Бұл көрсеткіш облысты жеке инвестициялар үлесі бойынша республикадағы үздік бес өңірдің қатарына енгізіп отыр.
«Облыс инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша да көшбасшылар қатарында. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 есеге артқан, нәтижесінде Жамбыл облысы республика бойынша үшінші орынға шықты», – деді облыс басшысы Астанада өткен брифинг барысында.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда жалпы құны 4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель жасақталған. Бұл жобалар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және 8,3 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Айта кету керек, аталған жобалардың 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске аспақ. Бұл жобалардың жалпы құны – 2,6 трлн теңге.
Биылғы жылдың соңына дейін құны 161 млрд теңгені құрайтын, 1,1 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 26 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
Облыс экономикасының әлеуеті
Экономиканың жалпы өсуіне келсек, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9%-ға өсіп, 3150,4 млрд теңгені құрады. Ал қаңтар-қазан аралығындағы қысқамерзімді экономикалық индикатор 109,8%-ды құрады.
Сала бойынша өсім көрсеткіштері мынадай:
- өнеркәсіп – 17%;
- ауыл шаруашылығы – 3,1%;
- құрылыс – 18,8%;
- тұрғын үй құрылысы – 1,7%;
- сауда – 0,5%;
- көлік – 2,9%;
- байланыс – 9,4%;
- негізгі капиталға инвестициялар – 38,3%.
Әкімнің айтуынша, мұндай көрсеткіштер облыстың инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығының айқын дәлелі.
Еске салып өтейік қазір Тараз қаласында жаңа заман талабына сай футбол академиясының іргетасы қаланды. Жоба ҚФФ, Жамбыл облысы әкімдігі және Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін Halyk қоры арасындағы үшжақты меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр.