Телефон алаяқтарын тоқтататын үш сөз: гипнологтар кеңесі

Телефон арқылы жасалатын алаяқтық фактілері әлі де тыйылмай тұр. Қылмыскерлер көбіне адамның шаршаған, асығыс немесе назарын басқаға аудара алмай тұрған сәтін пайдаланып, психологиялық қысым жасайды. Гипнолог мамандар мұндай жағдайда алаяқты бірден тоқтатуға және әңгімені қауіпсіз аяқтауға көмектесетін үш тиімді фразаны ұсынды. Бұл туралы Finratings.kz порталы жазды.
«Мен телефон арқылы қаржылық шешім қабылдамаймын»
Мамандардың айтуынша, алаяқтар өздеріне сенетін адамды диалогқа тартып, «жедел шешім қабылдауға» мәжбүрлеуге тырысады. Сондықтан олар қоңырау шалғанда, «мен телефон арқылы қаржылық шешім қабылдамаймын» десеңіз, олардың жоспары бірден бұзылады.
Гипнологтар бұл сөзді алаяқтар үшін ең «ауыр соққы» деп атайды. Себебі олар үшін бастысы – әңгімені созып, жедел шешім қабылдату. Ал бұл фраза манипуляция жасауға мүмкіндік бермейді. Яғни қылмыскер мұнан кейін әңгімені жалғастырмайды.
«Маманның аты-жөнін көрсетіп, ресми хат жіберіңіз»
Бұл талап алаяқтың шынайылығын бірден әшкерелейді. Өйткені банктер мен ресми ұйымдарда нөмірленген хаттар мен регламент бар, ал алаяқтарда болмайды. Электронды хат сұрау олардың арам ойын бірден тоқтатады. Себебі оларға ресми хат жіберу қауіпті.
«Заңгермен ақылдасуым керек. Кейін қайта хабарласыңыз»
Мамандардың сөзінше, мұндай жауап естіген алаяқтар ол нөмірге қайта хабарласудан үзілді-кесілді бас тартады.
«Алаяқтардың негізгі мақсаты – адамды өздерінің психологиялық қысымына жалғыз қалдыру. Әңгіме барысында «заңгер» деген сөздің өзі айтылса, тіпті ол тек болжам күйінде болса да, олардың әрі қарай сөйлесуге деген ынтасы бірден жойылады», – деп түсіндіреді гипнологтар.
Мамандар осы үш сөйлем алаяқтың әрекетін тоқтататынын, ақпаратты тексеруге мүмкіндік беретінін айтады.
Мамандардың айтуынша, ең маңызды ережені ұмытпау қажет: банк, мемлекеттік органдар және қауіпсіздік қызметтері телефон арқылы ешқашан жеке деректер мен SMS-кодтарды сұрамайды. Егер қоңырау шалған адам мұндай мәлімет талап етсе, әңгімені сол мезетте-ақ тоқтатқан жөн.
Айта кетейік, бұған дейін «банктен» деп телефонмен хабарласатын алаяқтар саны екі есе өскені жайлы жазған едік. 2025 жылдың қаңтар-тамыз аралығында осындай 4,3 мың жағдай тіркелген.