Жамбыл облысында азаматардың орташа жалақысы 308 мың теңгеге жетті

Жамбыл облысында бір қызметкердің орташа жалақысы 10,2%-ға өсіп, 308,1 мың теңгені құрады. Мұндай деректі өңір әкімі Ербол Қарашөкеев келтірді.
Әкім мәліметінше, облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрап отыр. Ал 2025 жылы әлеуметтік салаға 46,6 миллиард теңге бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,1 есеге көп.
«Жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау нәтижесінде 16,5 мың жұмыс орны құрылды. Бұған қоса, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыс бойынша 57,3 мың жұмыс орны ашылды, оның 40,4 мыңы ұрақты жұмыс орындары», – деді облыс әкімі.
Сәйкесінше, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 29,5%-ға азайған.
Тараз қаласында және барлық аудандарда 11 отбасыны қолдау орталығы ашылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған 826 отбасыға көмек көрсетілді.
Еске салайық, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы сәуірде Қазақстандағы медианалық жалақы 317 512 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қызметкерлердің жартысы осы сомадан көп, ал қалған жартысы аз жалақы алады дегенді білдіреді. Өткен жылмен салыстырғанда медианалық жалақы 11,1%-ға өскен, 2024 жылы ол 285 677 теңге болған.