Жамбыл облысында қытайлық жұмысшылардың көбейгені рас па – әкім жауабы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Жамбыл облысының тұрғындары әлеуметтік желіде өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істеп жатқан Қытай азаматтарының көбеюіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Осыған байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке шетелдік инвестициялардың пайдасы мен шетелден келген мамандардың не себепті көп екені жөнінде сұрақ қойылды.

2025 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша, өңірдегі 30 кәсіпорында 2 600-ден астам шетелдік маман жұмыс істейді. Оның ішінде 19 компанияда Қытайдан келген 935 қызметкер бар.

«735 маманға біз рұқсат бердік. Ал қалған 1 833 адам инвестициялық келісімдер аясында, қажетті мамандар жетіспегендіктен жұмыс істеп жатыр», –  деп нақтылады Қарашөкеев.

Әкімнің айтуынша, шетелдік мамандардың көп болуы кейбір өндірістердегі кадр тапшылығына байланысты. Оның сөзіне қарағанда, өңірде кез келген жоба жүзеге асырылғанда, ең алдымен, отандық инвесторларға және қазақстандық мамандарға басымдық беріледі.

«Қандай инвестор келсе де, біз жобаның құрылысы мен іске қосылу кезеңінен бастап отандық мамандарды тартуға тырысамыз. Әрқашан отандық инвесторларға басымдық береміз. Бұл мәселе бақылауда», – деді Қарашөкеев.

Ол кейбір жобаларда қазақстандық мамандардың жекелеген салалар бойынша қажетті біліктілігі болмаған жағдайлар кездесетінін атап өтті.

«Соған қарамастан, мамандарымызды дайындап жатырмыз. Түрлі меморандумдар жасасып, инженерлер мен химиктерді табуда қиындықтар туындаған соң, жоғары оқу орындарымен келісімдерге қол қойдық. Қажетті кадрларды дайындау ісін бастадық», – деді әкім.

Айта кетейік, Қазақстанға келіп жұмыс істейтін шетелдіктер көбейіп жатыр. 1 қарашадағы есеп бойынша, елде 14 463 шетел азаматы жұмыс істеп жүр. Олардың дені – қытайлықтар.

Сондай-ақ оқыңыз