Жамбылда бір ауданда төрт бала суицид жасады, ал әкімдік сауалнама өткізді

Жамбыл облысында бір ауданда төрт жасөспірім өзіне қол жұмсады. Оған не себеп болды? Жергілікті билік, әкімдік қандай шаралар қабылдады? Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Астанада өткізген брифингінде тілші Айнұр Коскина осындай сұрақ қойды.
Қарашөкеев ол жағдайды мойындады, бірақ нақты не себеп болғаны белгісіз екенін айтты.
«Шынында бір елдімекенде төрт суицид болды. Олардың арасында себеп-салдарлық байланыс байқалмайды. Оны анықтадық. Иә, әрқайсысы жеке жағдай», – деді ол.
Облыс әкімі осы жағдайлардан кейін оқушылар арасында анонимді сауалнама жүргізгенін айтты.
«Біз жалпы жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Тек Байзақ қана емес, басқа аудандарда да арнайы басқарма құрдық. 60 мың (оқушы -ред.) арасында анонимді сауалнама жүргіздік. Қыздардан жеке, ұлдардан жеке сұрадық. Зорлық, мәжбүрлеп ақша жинату фактілері бар ма сұрадық. Сол сауалнама қорытындысы бойынша, проблемалы топты анықтадық. Ол ақпаратты кәмелетке толмағандар бойынша құзырлы органдарға жібердік. Олармен тығыз жұмыс істейміз», – деді облыс әкімі.
Балалар инспекторларының жалақысы көтерілді
Сауалнама нәтижесі бойынша, жасөспірімдер ісі бойынша инспекторлар жалақысын көтеретінін де мәлімдеді. Қазір олар полиция департаментінде айлық көлемі жөнінен ең төменгі орында тұр.
Бұдан бөлек балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау бойынша басқарма құрдық. Мұндай басқарманы біз бірінші болып құрдық. Бұл әрекеттер бірден нәтиже бере салмайды. Бірақ жүйелі түрде жұмыс істесек, ерте ме кеш пе нәтиже болатынын анық», – деді әкім тілшілерге.
Осы жылы 5 тамызда Байзақ ауданында 15 жастағы жасөспірім суицид жасады, ал 7 тамызда 16 жастағы жасөспірім Байзақ ауданында, Түймекент ауылында өзіне қол салды.
Тамыздың соңында Байзақ ауданында тағы бір 16 жастағы жасөспірімнің денесі табылды.
Ал 9 қарашада дәл осы ауданда колледж студенті өзіне қол салды. Аталған істер бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жамбыл облысына іссапармен келетінін айтқан. Ол жасөспірімдерді ұрып-соққан жағдайды, оқушылар төбелесі жайлы ақпаратты бұрмалаған мектептерді аралап көрмек.