Қордайда дамуында ерекшелігі бар 14 жастағы қыз жүкті болып қалған

Қордай ауданында дамуында ерекшелігі бар 14 жастағы қыз зорлыққа ұшырап, жүкті болып қалған. Жамбыл облысы полициясының хабарлауынша, анасының арызынан кейін сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті полицияға жеткізілген.
«НеМолчи» қоғамдық қорының хабарлауынша, 2025 жылдың мамырында мүгедектігі бар қызды бір жігіт қонақ үйге апарып, зорлаған. Қор қызға бірнеше адамның зорлық көрсеткенін жазды. Артынша қызды үйінің маңына әкелген. Содан кейін қызды тағы да ұрлап әкетіп, зорлаған. Қыз жүкті болып қалған.
«Кәмелетке толмаған қыздың анасы арыз жазды. Сол бойынша полиция дереу сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдікті жедел анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Қазір барлық қажетті тергеу және процессуалдық іс-әрекеттер жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Қылмыстық іске қатысушылардың жауабы тексеріліп, дәлелдер жиналып жатыр.
Бұған дейін Жамбыл облысында бір ауданда төрт жасөспірімнің өзіне қол жұмсағаны айтылды.