Өнеркәсіп және құрылыс министрі не себепті қытай көлігін мінбейтінін айтты

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қызметтік көлік ретінде Kia K9 маркалы автомокөлігімен жүреді. Оның сөзінше, мемлекеттік қызметкерлер қандай көлікпен жұмысқа баратынын таңдай алмайды.
Үкіметте өткен брифингте министрге 1ведомствода қытайлық, Қазақстанда құрастырылған көліктер қолдана ма1 деген сұрақ қойылды.
«Бізге көліктерді Президент әкімшілігінің іс басқармасы береді. Яғни бізге бекітілген көліктер бар, менің көлігім – Kia K9. Қызметтік көлігім біреу ғана», – деді министр.
Журналистер министрліктің неге Chery, Changan, Haval және Tank сияқты Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алып, оларды халық арасында насихаттамайтынын нақтылап сұрады.
«Бұл іс басқармасына қойылатын сұрақ. Әрине, отандық өндіріс әрдайым қолдау табады. Kia көлігі де Қазақстанда құрастырылған. Біз өзімізге арнап көлік сатып алмаймыз. Сондықтан оның сипаттамасы, бағасы немесе маркасы бойынша таңдау жасай алмаймыз. Мемлекеттік қызметкер ретінде бізге қандай көлік берілсе, соны пайдаланамыз. Егер бізге отандық қытай көліктерін берсе, онда міндетті түрде соларды пайдаланатын боламыз», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Қазақстан Өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Елмановтың айтуынша, осы уақытқа дейін Қазақстанда тек бір ғана қытайлық жеңіл көлік – JAC өндірілген. Биыл Алматыда Chery, Changan және Haval маркаларындағы көліктерді шығаратын мультибрендті зауыт іске қосылды. Ол бұл көліктер әлі мемлекеттік қызметкерлердің автопаркіне жетіп үлгермегенін айтады.
Осыған дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі болған Mercedes-Benz S600 көлігінің сатылымға шыққанын жазған едік.