Алматыда Metro, Small, Toimart сауда желілері бағаны негізсіз өсірген

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Сауда және интеграция министрлігі Алматыда бағаны негізсіз өсірген сауда желілеріне айыппұл салынғанын хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, Алматы қаласы бойынша сауда және тұтушылардың құқығын қорғау департаменті жыл басынан бері әкімшілік кодекстің 204-4-бабына сәйкес, Small, JLC, Galmart, Toimart, My Mart сауда желісі, А-стор, Беккер, супермаркет Carefood, «Food Beverage Trading» ЖШС, «Airba Fresh» ЖШС, «Good Luck Trade» ЖШС, «Mix Market Trade» ЖШС және басқа да кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізген. Нәтижесінде 420-дан астам кәсіпкерлік субъектісіні әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Мәселен ҚР ӘҚБтК 204-4-бабының 2-бөлігіне сәйкес «Метро» ірі сауда желісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Метро Кэш энд Керри» ЖШС Департамент шығарған әкімшілік шешімге барлық сот инстанцияларында, соның ішінде кассациялық тәртіппен шағымданды, бірақ нәтиже болмады, өйткені Департаменттің әрекеттері заңды», – делінген хабарламада.

32 млн теңге айыппұл

Министрлік «Метро» сауда желісі белгіленген сауда үстемесі үшін әкімшілік жауапкершілікке бірінші рет тартылып отырмағанын атап өтті. Бұған дейін 2024 жылы «Метро Кэш энд Керри» ЖШС сауда үстемесі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ, Алматы қаласының «Small» және «Toimart» сияқты ірі сауда желілері сауда үстемесінің 15 пайыз асырғаны үшін шара қолданылған.

Одан бөлек, сауда желісін тексеру кезінде департаменттің лауазымды тұлғаларына кедергі келтіргені үшін SMALL сауда желісі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесін арттырған кәсіпкерлерге 32 млн теңгеден астам айыппұл салған.

Айта кетейік, бұған дейін елде Жаңа жыл алдында азық-түлік бағасы күрт қымбаттамайтыны хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз