Энергия министрлігі тарифтерді бекіту тәртібіне қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

Энергетика министрлігі 2026–2032 жылдарға арналған электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту тәртібіне қатысты мәлімдеме жасады. Ведомствоның түсіндіруінше, заңға сәйкес, жетіжылдық кезеңге тарифтерді бекіту  қолданыстағы тарифтердің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін орындалуы керек.

Жобада көрсетілген (2025 жылғы деңгейде) цифрлар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы тапсырманы ескере отырып қалыптастырылған. Бағаларды көтеруге қатысты мораторий жағдайында Энергетика министрлігінің болашақ кезеңдерге арналған тарифтердің өсуін нормативтік құқықтық актіде белгілеуге заңды құқығы жоқ. Осыған байланысты, құжат қазіргі уақытта күшінде тұрған шектеу шараларына толық сәйкес келетін қолданыстағы баға параметрлерін бекітеді, – деп жазылған хабарламада.

Ведомство түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасында «шекті тарифтерді түзету» деген механизм бар. Бұл – егер нарықтағы объективті жағдайлар өзгерсе (шикізат қымбаттаса, өндіріс шығыны өссе, т.б.), энергия өндіруші компаниялар тарифті қайта қарауды сұрай алады деген сөз. Бірақ бұл тек экономикалық негіз болса ғана мүмкін.

Яғни осыған дейін жарияланған құжат «7 жыл бойы тариф өзгермейді» деген қатаң тыйымды білдірмейді. Ол тек қазір қолданыста тұрған құқықтық жағдайды рәсімдеп, мораторий біткеннен кейін де қажет болса тариф мәселесін қарастыруға мүмкіндік қалдырады.

«Осы ретте, кейбір БАҚ-та жобаны «жеті жылдық тоқтату» ретінде түсіндіру құжаттың рәсімдік мәнін толық ашпайды. Бұйрық қазіргі құқықтық жағдайды бекіте отырып, қолданыстағы мораторий мерзімі аяқталғаннан кейінгі нарықтық өзгерістерге ден қою мүмкіндігін жоққа шығармайды. Қазір Энергетика министрлігі энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың мүддесін қорғау бағытын берік ұстана отырып, тарифтерді қолданыстағы деңгейде сақтап келеді», – дейді министрліктен.

2 желтоқсанда энергетика министрлігі тарифті 2026–2032 жылдары 2025 жылғы деңгейде сақтауды ұсынған еді. «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес шекті тарифтер әр жеті жыл сайын бекітіледі. Қазіргі тарифтер 2018 жылы бекітілген және 2025 жылдың соңына дейін қолданыста болады.

Сондай-ақ оқыңыз