Ұлытау әкімі Қызылорда мен Қарағанды бағытындағы жолдар қашан аяқталатынын айтты

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Қарағанды жолдары қашан пайдалануға берілетінін айтты.
Қызылорда – Жезқазған жолында жұмыс қарқыны баяу….
Әкімнің айтуынша, облыс тұрғындары Қызылорда – Жезқазған автожолы құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр. Дегенмен әкім жұмыстың баяу жүріп жатқанын мойындады. Аталған жол учаскесі 2027 жылға дейін тәмәмдалуға тиіс.
«Бұл жолдың 208 шақырымы облыс аумағынан өтеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жолдың төрттен бір бөлігіне екі қабат асфальт төселді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар. Кейбір учаскелерде жұмыс қарқыны баяу. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» тарапынан жұмыстарды жеделдету қажеттігі туралы тиісті ескертулер жолданды», – деді әкім.
Жезқазған – Қарағанды жолының құрылысы 2030 жылға дейін жалғасады
Әкім Жезқазған – Қарағанды автожолының құрылысы халықаралық қаржы ұйымының қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын айтады.
«Қазіргі таңда конкурс жарияланды, ал 2025 жылдың соңына дейін мердігер анықталады. 2026 жылы құрылыс «толық дайын күйінде тапсыру» (яғни «кілт тапсыру» әдісі) қағидаты бойынша басталады. Құрылыс 2030 жылға дейін жалғасады. Биыл бұл жолға орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді», – деп атап өтті өңір басшысы.
Мұның алдында облыс әкімі ұлытаулықтардың орташа жалақысы 554 мың теңгеге жеткенін айтты.