Каспий құбыры мұнай экспортын сақтау үшін жөндеудегі айлақты жедел іске қоспақ

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Новороссийск маңындағы Қара теңіз терминалында орналасқан үшінші айлақ құрылғысы – ВПУ-3-тегі жөндеу жұмысын жоспардан ерте аяқтауды көздеп отыр. Reuters агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, ВПУ-2 құрылғысына дрон шабуыл жасағаннан кейін, компания осындай шешім қабылдаған. Шабуыл салдарынан ВПУ-2 жұмысы белгісіз мерзімге тоқтап, терминал қуаттылығы екі есе қысқарды. Қазір КҚК тек ВПУ-1 арқылы жұмыс істеп тұр.
Агенттік деректеріне қарағанда, бастапқыда 2–3 айға жоспарланған жөндеу жұмысы енді небәрі жеті күн ішінде аяқталуы мүмкін. Егер екі айлақ қатар іске қосылса, КҚК мұнай жөнелту көлемін толық қалпына келтіруге қабілетті.
Алайда трейдерлердің пікірінше, ВПУ-2-ні қалпына келтіру бірнеше айға созылуы ықтимал. Бұл жағдай КҚК-ның желтоқсан айына белгілеген жоспарларына да әсер етуі мүмкін. Компания осы айда CPC Blend маркалы мұнай экспортын 17%-ға арттырып, тәулігіне 1,7 млн баррельге жеткізуді жоспарлаған. Алайда жөндеу қарқынына қарай бұл көрсеткіш қайта қаралуы ықтимал.
Мұнай құбыры 29 қарашада Украина дрондарының шабуылынан кейін істен шыққан.
КҚК құбыры Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие: ел мұнайының 80%-дан астамы дәл осы бағытпен тасымалданады. Мұнай құбыры Батыс Қазақстан кен орындарын Новороссийск түбіндегі теңіз терминалымен байланыстырып, республиканың негізгі экспорттық артериясы қызметін атқарып отыр. Сарапшылар мұнай экспорының қысқаруы ел қазынасына түсетін қаржыдан қағатынын айтады.