Мораторий аяқталғаннан кейін, коммуналдық тариф қаншалықты өседі

2026 жылы сәуірде мораторий аяқталғаннан кейін коммуналдық тарифтер күрт өсіп кетпей ме? Kursiv.Media тілшісі Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмринге осындай сұрақ қойды.
Вице-министр мораторий аяқталғаннан кейін, тарифтер міндетті түрде өсетінін ашық айтты.
«Біз бұл саясатты жалғастыра береміз. Тарифтердің өсуі мүлде тоқтап қалады деп ешкім айтқан жоқ. Білесіздер, бізде қазандықтар бұзылып жылу тоқтап қалған жағдайлар болды. Егер оны жасамасақ, ол қайталануы мүмкін. Ал қазір бағдарлама (Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жобасы – ред.) қабылданғанның арқасында инвестиция жасап, сол бұзылған инфрақұрылымды қайта жөндеу, қыстан аман шығуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Бірақ коммуналдық тарифтердің өсімін шектеп отыруға уәде берді.
«Қазір тарифтердің өсуі уақытша тоқтады. Бірақ Ұлттық банкпен бірге бағдарлама қабылдадық, соның аясында тарифтер өседі. Дегенмен оның өсу қарқыны шектеледі. Инфляция құрылымында тариф өсуі 1%-дан аспайды. Осы динамикамен жүреміз», – деп атап өтті вице-министр Азамат Әмрин
16 қазанда Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар пакетін жариялаған болатын. Оның аясында коммуналдық тариф өсуіне келесі жылдың сәуіріне дейін мораторий жариялады. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұны экономикалық толқу қаупімен түсіндірді. Бірақ сарапшылар бұл уақытша шара кейін одан да үлкен проблема тудырады деп сынға алды.