Балабақшадағы мәжбүрлі жұмыс пен төмен айлық: министр мәселені шеше ме

Kursiv.Media тілшісі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан мемлекеттік және жеке балабақша қызметкерлерінің мәселесіне қатысты сұрақ қойды.
Редакцияға хабарласқан тәрбиешілердің айтуынша, олар өздеріне тиесілі емес жұмыстарды – ақтау, сырлау, кілем жуу секілді шаруаларды атқаруға мәжбүр. Бұған қоса, министрлікке айлықтың төмендігі туралы шағым да жиі түседі. Ал Астанадағы жекеменшік балабақшаларда жалақы 150-200 мың теңге шамасында.
Kursiv.Media тілшісі осы проблеманы қалай реттеу жоспарланып жатқанын министрдің өзінен сұрады. Сүлейменова мұндай қосымша жұмыстар заңсыз екенін атап өтті.
«Жалпы барлық білім саласындағы азамат өзінің келісімшартында көзделмеген, артық, шамадан тыс міндетіне жатпайтын жұмыстарды орындамауы тиіс. Бұл – заңға қайшы. Бұған қатысты өзінің заңнамалық шаралары бар. Әр қызметкер өзі еңбек инспекциясына хабарласып, шағымдана алады», – деді министр.
Ал балабақшадағы жалақы мәселесі бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты.
«2023 жылға дейін балабақша қызметкерлерінің айлығына 100%-ға дейін үстеме берілді. Бұл – нарықтағы орташа жалақы деңгейіне сәйкес көрсеткіш. Бірақ бұл бюджетке байланысты мәселе. Ел бойынша 13 мыңға жуық балабақша бар, онда маман тапшылығы анық сезіледі. Бұл – нақты проблема, оны шешуге атсалысамыз», – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің керек-жарағына бөлінетін 250 млрд теңгені ұстаздардың өзіне бөліп беруге болады деген ұсынысты қолдамағанын жазған едік. Сондай-ақ министр Tesla Education-ға қатысты пікір білдірді.